- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркиядағы жанжал: жаңа...
Түркиядағы жанжал: жаңа туған нәрестелер арқылы пайдаға кенелмек болғандардың әрекеті әшкере болды
Түркияда сәбилерге қатысты жанжал шықты. Аталған қылмысқа 47 адамнан құралған топ арасында дәрігерлер, медбикелер мен аурухананың өзге де қызметкерлерінің қатысы бар болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне ауыр науқасқа шалдыққан жаңа туған нәрестелер арқылы қаржылай пайда табу мақсатында жекеменшік емдеу мекемелеріне заңсыз жөнелтіп отырған деген айып тағылып отыр.
Тергеу амалдары көптеген арыз-шағымдардан кейін басталған. Күдіктілер Түркияның мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесінен (SGK) төлемдер алу үшін шоттарды негізсіз өсіріп, науқас балаларды ауруханаларда мейлінше ұзақ жатқызуға тырысқан.
Тергеу мәліметінше, жаңа туған нәрестелер ауыстырылған жекеменшік ауруханаларда медициналық көмек көрсетуге оңтайлы жағдай болмағандықтан, кемінде 10 нәресте қайтыс болған.
Банданың жетекшісі ретінде Түркияның жедел жәрдем желісі арқылы жаңа туған нәрестелерді жеке ауруханаларға жіберуді үйлестірген доктор Фират Сары деп танылған.
Тергеу барысында жантүршігерлік жайттар, соның ішінде қылмыстық топ мүшелерінің сәбилердің тағдырын бейқамдықпен талқылаған әңгімелерінің жазбалары анықталған. Кейбір дәрігерлер мен медбикелер көмек көрсетуге қасақана салғырттық танытып, жаңа туған нәрестелердің жағдайын ауырлатып, тіпті өлімге әкеліп соқтырған деректер анықталып отыр.
Қазіргі уақытта 22 адам қамауға алынып, осы іске қатысы бар жеке клиникалардың жұмыс істеу лицензиясы тоқтатылды. Түрік үкіметі, оның ішінде елдің денсаулық сақтау министрлігі ауқымды тексерулерге кірісіп, барлық кінәліні жазалау үшін істі аяғына дейін жеткізуге уәде берді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан