Шымкентте анасы түскі асқа деп берген ақшаны Түркияда зардап шеккендерге жұмсаған оқушыға ҚР Премьер-министрі алғыс айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент әкімдігінің хабарлауынша, бүгін, 15 ақпанда Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов 12 жастағы Павел Падровпен және оның анасымен кездесіп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың алғыс хатын табыстады. 5-сынып оқушысы сыйға планшет алды.
"Түркиядағы жер сілкінісінің қайғылы салдары бірде-бір қазақстандықты бейжай қалдырмады. Осындай қиын сәтте қазақстандықтар түрік халқына шын жүректен көмек көрсетті. Сіздің ұлыңыздың бұл әрекеті - шынында үлгі тұтарлық игі іс. Павел осы жас шағынан бастап жанашырлық пен қолдаудың не екенін біліп өсіп келеді. Ұлыңыздың бойына мейірімділік, жауапкершілік, парызды сезіне білу сияқты құнды қасиеттерді сіңіргеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Сіз Павелді Қазақстан Республикасының нағыз патриоты ретінде тәрбиелеп отырсыз", – делінген Премьер-министрдің хатында.
Еске салайық, Шымкентте мектеп оқушысы анасының түскі асқа деп берген ақшасын Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге жұмсағанын жазған едік. Ол бұл ақшаға макарон сатып алып, оны қаладағы қайырымдылықпен айналысатын клубтың біріне әкелген.
Оқушы клубтың мекенжайын әлеуметтік желіден тауып, жаяу жетіпті. Сол үшін бірінші сабағына үлгермей қалған.
Кейін Massaget.kz тілшісі оқушының анасын тауып, әңгімелесті. Анасының сөзінше, Павел кішкентайынан егде жастағы көршілеріне көмектесіп жүреді екен. Біреуінің сөмкесін көтеріседі, тағы біреуіне дүкеннен керегін әкеліп береді.
Павел Падров 12 жаста. Шымкенттегі №4 мектептің 5-сыныбында оқиды. Оның екі інісі және бір қарындасы бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!