Түркияда Анталья, Адана және Адыяманның мэрлері ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
5 шілдее таңертең Адана мэрі Зейдан Каралар мен Адыяман мэрі Абдуррахман Тутдере ұсталған. Кейін Республикалық халықтық партия (РХП) төрағасының орынбасары Бурханеттин Булут Анталья мэрі Мухиттин Бөчектің де ұсталғанын хабарлады.
БАҚ мәліметінше, ұсталғандар - оппозициялық Республикалық халықтық партия мүшелері. Оларға жемқорлыққа қатысы бар деген күдік келтіріліп отыр.
Еске салайық, биыл наурызда Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу да ұсталған еді. Ол президент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Саясаткер мен оның жақтастары жемқорлық, парақорлық және сатып алу деректері бойынша айыпталған.
Ыстамбұлда жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу мақсатында наразылық акцияларына тыйым салынды. Қалада кейбір жолдар мен метро бағыттарының жұмысы шектелді. Кейін бүкіл Түркия бойынша жаппай наразылықтар басталды.
Содан соң Түркияның Бас прокуратурасы Ыстамбұл университетіне сұрау жолдап, Имамоглудың "бизнес басқару" мамандығы бойынша дипломының түпнұсқалығы мен заңдық күшін тексеруді талап етті. Себебі ол оқыған Солтүстік Кипрдегі оқу орны Түркия тарапынан сол кезде ресми танылмаған. Осыған байланысты Имамоглу түсініктеме берген. 17 наурызда Ыстамбұл университеті Имамоглудың дипломын жарамсыз деп таныды, бұл оның президент сайлауына қатысуына кедергі келтірді.
Сәуірде БАҚ Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглуға қатысты сот процестері жазға шегерілгенін хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек