- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркияда қазақстандық құтқарушылар...
Түркияда қазақстандық құтқарушылар жеті адамды үйінді астынан аман алып шықты
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Түркияда іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құтқарушылардың жұмысы көптеген үйінді, тұрақсыз құрылымдарға байланысты күрделене түскен. Қазақстандық құтқарушылар барынша тиімді жұмыс істеп жатыр.
"Бүгінде Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 39 адамның, оның ішінде 2 баланың денесі үйінді астынан шығарылды", - делінген хабарламада.
Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр. Күніне орта есеппен 35-тен аса зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді. Олардың ішінде стресстің жедел реакциясы, тыныс алу жолдарының аурулары, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым. Күн сайын жеке құрамның жылыту пунктіне зардап шеккендердің туыстары мен жақындары, орта есеппен 40-50 адам кіріп жылынады. Апаттар медицинасы орталығының медициналық пункті мен медициналық қызметі барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен қамтамасыз етілген.
Қазақстандық құтқарушылардың күнделікті ұйымдастырушылық мәселелерін шешуде Түркия Республикасындағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиевтің басшылығымен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі үлкен көмек көрсетіп жатқаны айтылды.
"Газиантеп қаласы бірінші эшелонның жұмыс жүргізу ауданы болып белгіленді. Мұнда жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жүргізіліп жатыр.
Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 8 қаза тапқан адамның денесі шығарылды.
Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат ішінара қираған, апатты, қирау динамикасы байқалады, тұрақсыз құрылымдарға байланысты ғимараттардың толық қирау қаупі бар. Ғимараттың 2-қабатына дейін инженерлік техниканы пайдалана отырып, демонтаж жүргізілді, үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қайтыс болған 13 адамның денесі шығарылды.
Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп, қайтыс болған 13 адамның денесі шығарылды", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы - Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді. Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізген.
"Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық қызметтеріне жеткізілді. Қайтыс болған бір адамның денесі шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік техника пайдаланылуда. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр".
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Хатай елді мекеніне құтқарушылар тобы және кинологиялық есептоптар жіберілді. Іздеу объектісі - толығымен қираған алты қабатты үй. Осы объектіде 9-10 ақпанда үйіндінің астынан қайтыс болған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі – Қазақстан азаматы, екеуі – Түркия азаматы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан