Түркияда жол апатынан қаза тапқан ер адам Қырғызстан азаматы екені белгілі болды

Түркияда жол апатынан қаза тапқан ер адам Қырғызстан азаматы екені белгілі болды
Фото: İhlas Haber Ajansı

Түркияда жол апатынан қаза тапқан 27 жастағы Кубат Аманбеков - Қырғызстан азаматы. Ол Анталияда велосипедпен келе жатқанда көлік қағып көз жұмған. Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан жігіт Қырғызстан азаматы екенін нақтылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kg басылымына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 11 мамырда сағат 03:00 шамасында Серік ауданындағы туристік жолда болған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, жігіт велосипедпен келе жатып, таксимен соқтығысқан. Қатты соққыдан ол сол жерде қаза тапқан.

Кейінірек марқұм бес жұлдызды қонақүйде даяшы болып жұмыс істегені анықталды. Оның сүйегі Анталияның сот-медициналық сараптамасының мәйітханасына жіберілген.

24kg ақпаратына сүйенсек, марқұмның туыстары мен достары қазір оның сүйегін отанына қайтару бағытындағы мәселелерді шешіп жатыр.

Айта кетейік, алғашында түркиялық БАҚ марқұм Қазақстан азаматы екенін хабарлады. Кейін СІМ түрік тарапының мәліметіне сүйеніп, Кубат Аманбеков Қырғызстан азаматы болғанын нақтылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget