Түркияда ер адам сүйіктісін атып өлтіріп, полицияға өз еркімен берілген

Түркияда ер адам сүйіктісін атып өлтіріп, полицияға өз еркімен берілген
Фото: hurriyet.com.

Түркияның Ақсарай провинциясында 39 жастағы ер адам некесіз қарым-қатынаста болған 31 жастағы сүйіктісін өлтірген. Кейін ол әйелдің мәйітін полиция бөліміне өзі апарған, - деп хабарлайды Massaget.kz Hurriyet басылымына сілтеме жасап.

Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға болған түні әйел сүйіктісінің отбасылы екенін және үш баласы барын білген соң, екеуінің арасында жанжал шыққан. Кейін ол қарым-қатынасты үзуге бел буады.

Ер адам сүйіктісін анасының үйіне апарып тастауды ұсынған. Екеуі көлікке отырған кезде ол тапаншасын алып шығып, әйелдің басынан атқан. Алған жарақатынан әйел оқиға орнында көз жұмған. Артынша ер адам марқұмның денесін көлікке салып, полиция бөліміне барған. Ол құқық қорғау органдарына өз еркімен берілген.

Марқұмның артында екі баласы қалды. Сондай-ақ, марқұм осы қайғылы оқиғадан бір ай бұрын экс-күйеуінің қолынан қаза тапқан 33 жастағы Шефике Ешилдагтың туысы әрі бала күнгі құрбысы болғаны айтылады.

Еске салайық, бір ай бұрын Түркиялық БАҚ 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың қайтыс болғаны туралы хабарлаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз алтыншы қабатта орналасқан пәтердің балконына шығып, одан көрші ғимараттың шатырына өткен.

Кейін ол шатырдың ортасына қарай бет алған. Болжам бойынша, бойжеткен бос кеңістіктің үстіне орнатылған қалқаға басқан. Алайда құрылым оның салмағын көтере алмай, қазақстандық қыз ғимараттың жерасты қабатына құлап кеткен. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды.

Кейін қазақстандық қыздың қазасын Сыртқы істер министрлігі растады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget