Ыстамбұлда қуатты жер сілкінісі тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Yeni Şafak басылымының жазуынша, алдымен Силиври жағалауында магнитудасы 3,9 болатын жер сілкінісі болған. Одан кейін магнитудасы 6,2 болатын екінші зілзала тіркелді. Жер сілкінісі шамамен 10 секунд бойы сезілген. Қазіргі таңда құрбандар мен қиратулар туралы ақпарат жоқ.
Ал Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметі бойынша, 6,2 магнитудалық зілзала жергілікті уақытпен 12:49-да орын алған. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мәрмәр теңізінде, Силиври қаласынан оңтүстікке қарай 26 шақырым жерде болған.
Кейін дәл осы ауданда тағы екі жерасты дүмпуі тіркелді – магнитудасы 5,0 және 5,3. Олар да Ыстамбұлдың бірнеше ауданында сезілген.
Еске салайық, 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияның оңтүстік-шығысында тоғыз сағаттық аралықпен екі ірі жер сілкінісі болды. Біріншісінің магнитудасы 7,8 болып, эпицентрі Газиантептегі Шехиткамиль ауданында орналасқан. Екіншісінің магнитудасы 7,5 болып, эпицентрі Кахраманмараштағы Экинозү ауданында тіркелген.
Жер сілкіністерінен кейін магнитудасы 6,7-ге дейін жеткен бірнеше мыңдаған қайталама дүмпулер болған. Апат салдарынан Түркияда 50 мыңнан астам адам, ал Сирияда 8 мыңнан астам адам қаза тапты. Тағы он мыңдаған адам жарақат алды. Түркияда төтенше жағдай жарияланып, жеті күндік аза тұту енгізілген болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет