Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 40 мыңнан асты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Al Jazeera сайтына сілтеме жасап.
Түркия билігі 35 418 адамның мәйітін тапқанын айтса, Сирия билігі 5 800-ден аса адам қаза болғанын хабарлады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияда үйінді астынан 8 мыңнан аса адам тірі шығарылғанын айтты.
Халықаралық көші-қон ұйымының гуманитарлық жүк тиелген 10 жүк көлігі Түркиядан Сирияның солтүстік-батысына Баб-эль-Салам бақылау-өткізу бекеті арқылы өтті. 7,8 балдық жер сілкінісінен кейін 200 сағаттан аса уақытта үйінділер астында тірі қалғандарды табу үміті сөнгендіктен, басты назар аман қалғандардың көп бөлігін тамақ пен баспанамен қамтамасыз етуге аударылды, деп хабарлады агенттік.
БҰҰ мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Сирияда 5,3 миллионға жуық адам баспанасыз қалуы мүмкін. Түркия мен Сирияда 900 мыңға жуық адам шұғыл түрде ыстық тамаққа мұқтаж.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!