• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

Түркия қонақүйіндегі өрттен бір отбасының 14 адамы қаза тапты - БАҚ

Түркия қонақүйіндегі өрттен бір отбасының 14 адамы қаза тапты - БАҚ
Фото: x.com/journaIite

Түркияның Карталкая тау шаңғы курортындағы қонақүйде болған өрттен бір отбасының 14 адамы қаза тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі CNN Türk басылымына сілтеме жасап. 

Дереккөз мәліметінше, марқұм болған отбасы мүшелері Turkish Airlines әуе компаниясының қызметкері Зехра Сена Гүлтекиннің жақындары екені айтылды. Бұған дейін апаттан бір отбасының 9 адамы қаза болғанын жазған едік. Кейін апаттан оның күйеуі, үш баласы және тағы тоғыз туысы мерт болғаны белгілі болды. 

Отбасы мүшелері мектеп демалысын пайдаланып, Ыстамбұлдан 270 шақырым шығыста орналасқан тау шаңғы курортына демалуға келіп, Гранд Картал қонақүйінде тұрақтаған. Қонақүйде өрт тұтанған сәтте Зехра анасына телефон соғып, кешірім сұрағаны айтылды. 

Түркиядағы қайғылы оқиға жайлы не белгілі?

Қайғылы оқиға түнде 12 қабатты қонақүйде болған. Ол кезде ғимаратта 238 адам болған еді. Оқиға салдарынан 76 адам қаза тауып, 51 адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін тоғыз адам ұсталды, олардың арасында қонақүй қызметкерлері бар. 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы өрттен туындаған қайғылы оқиғаға байланысты бір күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Еске салайық, 21 қаңтарға қараған түні Түркияның Болу провинциясында әйгілі Карталкая тау шаңғысы курортында алапат өрт шыққанын жазған едік. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Литпин