Тау шаңғысы курортындағы өрттен кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болуға бара жатып, қайғылы жағдайда қаза тапқан Гюльтекин отбасын жерлеуге қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Тrthaber-ге сілтеме жасап.
"Біздің жанымыз да, жүрегіміз де жанып жатыр", - деді Ердоған жерлеу кезінде көз жасын ұстай алмай.
Бір отбасынан 9 адам қайтыс болды
Болу провинциясында орналасқан Карталкая тау шаңғысы орталығында болған өрт салдарынан қаза тапқандар арасында Түрік әуе желілерінің қызметкері Зехра Сена Гюльтекин, оның күйеуі, үш баласы және тағы туыстары бар.
Белгілі болғандай, өрт кезінде Зехра Сена анасына хабарласып, кешірім мен бата сұрап үлгерген. Отбасы өртке оранған ғимараттан шыға алмады.
Болу Орталық қауымының мешітінде Гюльтекин отбасымен қоштасу рәсімі өтті. Гюльтекин отбасымен қоштасу үшін мешіттің ауласына мыңдаған адам жиналды.
Түркиядағы қайғылы оқиға жайлы не белгілі?
Қайғылы оқиға түнде 12 қабатты қонақүйде болған. Ол кезде ғимаратта 238 адам болған еді. Оқиға салдарынан 76 адам қаза тауып, 51 адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін тоғыз адам ұсталды, олардың арасында қонақүй қызметкерлері бар.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы өрттен туындаған қайғылы оқиғаға байланысты бір күндік ұлттық аза тұту жариялады.
Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова