Түркия Аll inclusive жүйесінен бас тартуы мүмкін

Түркия Аll inclusive жүйесінен бас тартуы мүмкін
Фото: pixabay.com

Түркия аll inclusive жүйесінен түбегейлі бас тартуы мүмкін. Себебі аста-төк дастарханға көзі қызыққан туристер ысырап жасайды. Ресми дерек бойынша, мұнда жылына 23 миллион тонна ас қоқысқа тасталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Дегенмен отандастарымыз Жерорта теңізінің жағалауын осы швед үстелі үшін таңдайтынын айтады. Ал бұл жүйені алып тастаса, басқа жаққа саяхаттауға тура келеді дейді олар.

Жерорта теңізінің жағалауы отандастарымыз үшін сұранысқа ие бағыттардың бірі. Әсіресе, аста-төк тамағы бар аll inclusive бағдарламасы біздің жұртқа майдай жағады. Енді сол швед үстелін алып тастаса, Түркияға ұшудан біраз туристің бас тартатын түрі бар. Мәселен, осы елге саяхаттауды жоспарлап қойған Нұрбек Хасенов қазір екіойлы болып отыр.

"Аll inclusive арқылы біз басымызды қатырмай, таңертең не жегіміз келеді, соны жейміз. Түрлі тамақ бар. Егер аll inclusive бағдарламасын алып тастаса, біз басқа курорттарды таңдаймыз", - дейді Нұрбек Хасенов. 

Ал жүйені алып тастау туралы бастаманы көтеріп жатқан Түркия мейрамханалар мен туризм қауымдастығы екен. Себебі, елде тонналаған тамақ ысырап болып жатыр дейді. Әсіресе қонақүйлердегі таңғы астың 50 пайызы қоқысқа кетеді. Көп тағамға шанышқы да тимейді. Алайда ережеге сәйкес, тәрелкеге салынған барлық ас қоқысқа тасталуы тиіс.

"Адамдар үлкен таңдау бар деп ойлап, өзіне ұсынғанның бәрін салып алады да, оны тауысып жемейді. Соның салдарынан миллиондаған лира босқа кетіп жатыр. Ауыл шаруашылығы және азық-түлік саясаты жөніндегі кеңес қазір егжей-тегжей баяндама дайындап жатыр. Бұл баяндаманы алдымен Президентке, содан кейін екі ай ішінде тиісті мекемелерге ұсынамыз", - дейді Түркия мейрамханалар мен туризм қауымдастығының президенті Рамазан Бингөл. 

Ал біздің туроператорлар бұл мәселенің талайдан бері көтеріліп келе жатқанын айтады әрі Түркияның бас салып сұранысқа ие жүйені алып тастауы екіталай деп отыр.

"Біздің туристердің шамамен 40 пайызы Түркияны аll inclusive үшін таңдайды. Әсіресе кішкентай балалары бар отбасы. Оларға қандай тамақ беремін деп бас қатырмас үшін өте ыңғайлы. Менің ойымша, бұл жүйені бірден алып тастай қоймайды. Басқа амал табуы мүмкін немесе тамақтануды түрлі санатқа бөледі. Себебі, Түркия туристердің қалауына ерекше мән береді", - дейді туристік агенттіктің директоры Наталья Вайншток. 

Расында бастаманы көтергендер балама ретінде "а-ля-карт" жүйесін ұсынады. Оған сәйкес, қонақтар тек өзі тапсырыс берген тағамды алады. Ал әзірге отандастармыз Кемер, Белек, Бодрум мен Аланьяда швед үстелінен дәм татып, қалағанынша сусын ішіп демалысын өткізіп жатыр. Себебі, қазір мұндағы қонақүйлердің бәрі тек осы жүйемен жұмыс істейді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget