Батыс пен Ресей арасындағы саяси қақтығыс Қазақстанға несімен ұтымды? Экономикалық алыптардың ортасындағы еліміз өз мүддесін қандай жолмен қорғай алады? Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиевамен сұхбаттасты.
Кейінгі уақытта еліміздің Ресейден бөлек Батыс, Қытай және Түркиямен экономикалық байланысы күшейе түсті. Сарапшы мұның әсерін түсіндірді.
"Қазақстан - тәжірибесі аз, жас мемлекет. ЕО, АҚШ, Қытай және Түркия сияқты әртүрлі елдермен тығыз байланыс саяси ойындардың әртүрлі формалары мен үлгілерін көруге мүмкіндік береді. Біз сыртқы саясаттағы амбицияларымызды нақты білеміз, енді біртіндеп сол мақсатқа жетуге тырысамыз. Қазақстан халықаралық аренада саяси ықпалға ие болу үшін күшті экономика, тәуелсіз ұстаным, ішкі саяси тұрақтылық қажет екенін, онымен қоса, ел ішіндегі саяси құқықтар мен бостандықтарды сақтау керегін жақсы түсінеді. Ал халықаралық саясаттың бейресми ережелері бар, оның бірі - ірі державалармен одақтас болу.
Қазақстанның сыртқы саясатта екі бағыты бар. Олар: аймақтық ұйымдар аясында әрекет ету, екіншісі - жеке ел ретінде көріну. Бұл бір жағынан, Ресей мен Қытай сияқты ірі ойыншылар арасында тепе-теңдікті құруға, екіншіден, ынтымақтастықты, оның ішінде экономиканы нығайту мен ұстанымымызды берік қылуға көмектеспек" - деді сарапшы.
Толғанай Үмбеталиева Түркі мемлекеттерінің одағы Қазақстанға не үшін тиімді екенін алға тартты.
"Батыс елдері бізді, ең әуелі, Ресейге тәуелді ел ретінде қарайды. Бұл рас, бірақ біз Мәскеумен қарым-қатынасымызды сақтай отырып, дербестікке ұмтылғымыз келеді. Бұл тарапта Түркі мемлекеттерінің одағы да Қазақстан үшін тиімді, өйткені Қытай мен Ресей сияқты ірі державалардың ықпалынан сақтайды.
Біз ЕО-ның Ресейге бағытталған саяси күн тәртібін кейбір Азия елдері мен Латын Америка мемлекеттерінің қолдамайтынын көріп отырмыз. Еуроодақ елдердің қызғушылықтарымен санасуға мәжбүр. Қазақстан халықаралық нормаларды сақтауға, санкцияларды сақтауға, сонымен қатар, Қытай және Ресей сияқты елдермен экономикалық және қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін айтты", - деді ол.
Маман сыртқы саясатта еліміздің ең әлсіз тұсын атады.
"Біздің әлсіз әрі осал тұсымыз - Ресей мен Қытай сияқты ірі державалардың ортасында болу. Мұны өз мүддемізге тиімді етуге әрекет жасауымыз керек. Сондықтан халықаралық кездесулерде мүддемізге сай нақты ұсыныстар мен талаптарға қол жеткізсек, Қазақстанның ұстанымы қалыптасады деп ойлаймын", - деді ол.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!