Құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіретін Түркі мемлекеттері ұйымы бірыңғай әліпбиге көшу мәселесін талқылап жатыр, - деп хабарлайды "Анадолу" басылымы.
Басылым мәліметінше, тіл бірлігі мен түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиге көшу үдерісін жеделдету мақсатында біртұтас әліпби жасау жөніндегі комиссия құрылды.
Оның құрамына түркі мемлекеттеріндегі тіл саясатымен айналысатын әр ресми құрылымнан екі мүше кіреді. Комиссияның бірінші отырысы Қырғызстанда өтеді.
Бірыңғай әліпби жасау жөніндегі комиссияны құру туралы шешім Түркияның Бурса қаласында өткен және Тіл күнінің 90 жылдығына арналған "Түркі әлемінің ортақ әліпбиі бойынша семинар" отырысында қарауға ұсынылды.
Семинарда түркі мемлекеттерінің ғалымдары өз елдерінде болған әліпби және тарихи тілдік үдерістер туралы мағлұмат беріп, біртұтас әліпбиге көшу және оны түркі мемлекеттері арасында тарату үдерісін жеделдету маңыздылығын атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!