Түркияда қазақстандықтар 100-ден аса киіз үй тігіп жатыр. Бұл жер сілкінісі салдарынан баспанасыз қалған түркиялықтарға едәуір көмек болмақ. Massaget.kz тілшісі киіз үй тігіп жүрген қазақстандықтармен бірге жүрген Самат Сапарғалимен сөйлесті.
Самат Сапарғали Түркияның Анкарадағы университетінде докторантура бағдарламасы бойынша білім алып жатыр.
"Қазіргі таңда жер сілкінісінің негізгі ошағы болған Кахраманмараш қаласындамыз. Бірнеше қазақ студент келді. Шамамен 40-қа жуық адам бар", - дейді Самат.
13 ақпанда жергілікті қазақ диаспорасы мен осы елде білім алып жатқан қазақстандық студенттер жер сілкінісі болған негізгі қалаға келген.
"Бірақ киіз үйлер тиелген ұшақ Кахраманмараш қаласының әуежайына келіп қона алмады. Себебі әуежай ұшақты сидыра алмады. Сондықтан ұшақ Адана қаласына қонды. Сол күні Адана қаласына барып, жүктерді тиеуге барған едік. Бірақ бізді ол жерге кіргізбеді. Себебі ол жер қарапайым азаматтарға кіруге рұқсат жоқ әскери база еді. Артынша осы жердегі ағаларымыз сол аймаққа кіруге рұқсат алып, жүктерді алып, Кахраманмараш қаласына келдік", - дейді Самат.
Оның айтуынша, Қазақстаннан киіз үйден бөлек, жылыту генераторлары, киім-кешек, түрлі жабдықта болған. Ал жеткізілген киіз үйлер екі түрлі болған.
"Біреуі заманауи киіз үйлер. Темірден жасалған. Оны тігу оңай. Темір киіз үйді құру процесіне 40 минуттай кетеді. Киіз үйдің екінші түрі - қазақи ағаштан жасалғаны. Оны 7-8 адам 1,5-2 сағат жүріп құрастырды. Бірінші күні Қазақстаннан 120 киіз үйдің 60-ын 23.30-ға дейін құрастырдық. Қазақстаннан келген киіз үйдің 95 пайызы жаңа киіз үйлер. Тап-таза, кең. Одан бөлек, киім-кешек, тағамдар келді. Елдегі қазақ диаспорасы көп еңбек етті", - дейді Самат.
Түркияда жүрген қазақстандықтың айтуынша, жергілікті тұрғындар Қазақстанның көмегін жылы қарсы алған.
"Жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, тәттілерді таратып жатқан кезде "бізге тәттілер мен киім-кешектер керек емес еді, сіздердің жанымызда болғандарыңыз да жетеді ғой, соған да разымыз" деді. Әсіресе әуежай жақта жүрсек түрік бауырларымыз алғысын айтып жатты", - дейді Самат.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар киіз үйге қызығушылық танытқан.
"Көмек сұрап келген тұрғындардың жағдайы ауырлау. Біз киіз үйді тігуді толық біткеннен кейін, әр отбасына жіберілген көмек бөлінеді. Кейінірек жергілікті үкімет тізім бойынша орналастырады. Тіпті кейбір қалалардан келіп, киіз үйлерді көріп, осы жерге алдын ала кезекке тұруды сұрап, қызыққандар болды. Сол тұрғыдан түрік бауырлар риза болды", - дейді Самат.
Самат Сапарғалидің сөзінше, құрылған киіз үйлер этно-ауыл ретінде қалмақ. Ал негізінен істің басынан аяғына дейін Ыстамбұл қазақ диаспорасының еңбегі орасан.
"Соның ішінде Жанхан мен Мурид ағалардың еңбегі өте зор, сол кісілер болмаса бітпес едік. Жалпы біз киіз үй құрған аймаққа түріктер жаппай келіп жатқан жоқ. Себебі халықта психологиялық жағдай ауыр, "бұл менің меншігім, мен бұл жерде тұрамын" деген секілді у-шу әрекеттері болып кетпесін деп сырттан адамдарды кіргізбедік. Ол ауылды этно-ауыл деп атайтын болды", - дейді Самат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!