Түркі әлемінің мәдени астанасында этноқалашық ашылды

Түркі әлемінің мәдени астанасында этноқалашық ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін, 4 сәуір күні, Ақтау қаласында "Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы аясында мәдени іс-шаралар легі бастау алды. Оның бірі - "Дархан дала" этноқалашығы. Қалашықта киелі Маңғыстау өлкесінің тұрмыс-тіршілігі, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері және түркі халықтарының ортақ мәдениеті кеңінен насихатталмақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

4-6 сәуір аралығында этноқалашықтың сахнасында Маңғыстау облысы мен түркітілдес мемлекеттерден келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылады. Қонақтар ұлттық өнер мен дәстүрге қанығып, қазақ мәдениетінің сан ғасырлық мұрасын тамашалай алады. Этноқалашықта Маңғыстау облысының бес ауданы мен Ақтау, Жаңаөзен қаласынан жеті ауыл бой көтерді.

Атап айтқанда, Маңғыстау ауданынан "Суын айғыр" ауылы, Қарақия ауданынан "Шерқала" ауылы, Бейнеу ауданынан "Батырлар" ауылы, Мұнайлы ауданынан "Жеті қайқы"ауылы, Түпқараған ауданынан "Ғашықтар" ауылы, Ақтау қаласынан "Шеберлер" ауылы, Жаңаөзен қаласынан "Дәстүр" ауылы бар.

Әр ауыл өңірдің өзіндік ерекшелігін, тарихы мен мәдени мұрасын айшықтайды. Онда қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіліп, түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, "Шеберлер" ауылында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерден келген өнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді.

Мерекелік шараның басты оқиғасы – 5 сәуір күні өтетін "Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының ресми ашылу салтанаты. Айта кетейік, ​2025 жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бұл мәртебе 2024 жылдың қараша айында Ашхабадта өткен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің 41-ші отырысында берілді.

Маңғыстау облысы әкімдігі ұсынған материал

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget