"Түркі әлемінің келешегі-2040" бағдарламасының  жоспарын қабылдауымыз қажет – Қошанов

"Түркі әлемінің келешегі-2040" бағдарламасының  жоспарын қабылдауымыз қажет – Қошанов

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Түркияда өткен "Әділетті әлем үшін парламенттік дипломатия: энергетика, көші-қон, азық-түлік" тақырыбындағы Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетекшілері ТүркПАның Кеңесі отырысында бас қосты. Мәжіліс спикері Түркия тарапына қонақжайлық танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді.

Биыл Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды.

Жиында ұйымда төрағалық ету мәртебесі Қырғыз Парламентінің төрағасынан Түркия Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды.

Сонан кейін ТүркПА-ға мүше елдер Парламенттерінің жетекшілері бірлестіктің ХІІ пленарлық отырысына жиналды. Оған қонақ ретінде Түрікменстан Парламенті басшысы мен бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің өкілі қатысты, ал Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының жетекшісі жиынға онлайн режимінде қатысты.

Тараптар түркі дүниесінің келешегіне қатысты маңызды мәселелерді ортаға салды.

"Біздің мемлекет басшыларымыз түркі әлемінің дамуы жолында шексіз үлес қосып келеді. Осыдан бір жарым ай бұрын Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтті. Онда көшбасшылар біздің бауырлас елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдады. Осыған орай біз де өз тарапымыздан парламентаралық іс-қимыл арқылы көшбасшыларымыздың қарқынына ілесе білуіміз керек", – деді Ерлан Қошанов.

Отырыста энергетика, көші-қон және азық-түлік тақырыбы жан-жақты талқыланды.

Ерлан Қошанов түркі кеңістігінде энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге назар аударып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан Түркі әлемінің қара шаңырағы ретінде түркі интеграциясының дамуын қолдайтынын айтты.

"Биыл қазан айында Түркі мемлекеттері ұйымының 10- мерейтойлық Саммиті түркі әлемінің алтын бесігі – киелі Түркістан шаһарында ұйымдастырылып, төрағалық Қазақстанға өтеді. Осы тұрғыда барлық түркі  бірлестіктерімен бірігіп, "Түркі әлемінің келешегі – 2040" бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдауымыз қажет", – деді Е.Қошанов.

Спикер осы бастамалардың барлығын парламенттік дипломатия арқылы іске асыруға, түркі халықтарының бірлігі мен достығын одан әрі нығайтуға шақырды.

Отырыс соңында тараптар Анкара декларациясын қабылдады.

ТүркПА келесі ХІІІ жиыны 2024 жылы Әзербайжанда өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан