Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «II Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы» өз мәресіне жетті. Бұл туралы «Қыздар университеті» медиа орталығы хабарлады.
Үш күнге созылған бұл симпозиумның жабылу рәсімінде сөз алған университет ректоры Д. Нөкетаева: «Еуразияның шетсіз, шексіз ұланғайыр жерін өз заманына сай сән салтанаты жарасқан өркениет орталығына айналған – Түрік қағанаты еркін өмір сүріп, дербес мекен еткені белгілі. Қазақстан – түркілердің жерұйығы болған атақонысы. Қазақтың кең даласында көне өркениеттің белгісі тас мүсіндер түп бабаларымыздың ашық аспан астындағы жәдігерлері ретінде тарих қойнауынан сыр шертеді. Біз – түбі бір түркіміз. Ортақ тарихымыз бен мәдениетімізге назар аударып, күш-жігерімізді сарқа жұмсап зерттейтін уақыт жетті. Ендеше осы бағыттағы әрекет пен еңбегіміз жемісті болсын, инемен құдық қазғандай, ғылыми жұмыстарымыздағы табыстарымыз көп болғай!» деп бастап, тағылымы мол, мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ, Қыздар университеті мен Нигде университеті арасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында қос дипломды білім беру келісімшартына қол қойылды. Нәтижесінде II Халықаралық түркі әлемі симпозиумның қарары қабылданды. Бұған дейін де тығыз байланыс орнатқан Қазақстан мен Түркия мемлекеті ынтымақтастығы одан ары арта түспек. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің магистранттары Нигде университетіне барып, тегін білім алумен бірге, тегін жатақханамен қамтамасыз етілетін болды. Қыздар университетінде де Нигде университеті студенттеріне осындай жағдай қарастырылған.
Өткен үш күн барысында, білім мен ғылым интеграциясы саласы кеңінен талқыланды. Алғашқы күні салтанатты ашылудан басталған симпозиум 13 секциялық бағытта жүргізілді. Екінші күнінің екінші жартысында «Түбі бір түркіміз» атты фестиваль ұйымдастырылып, құлақ құрышын қандыратын ән мен күй керемет әсер туғызды. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған IІ Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумына Түркия, Ресей, Башқұртстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан, Қытай, Корея, Моңғолия, Сербия сияқты 12 мемлекеттен барлығы 300-ден астам ғылыми-педагогикалық қауым өкілдері қатысты. Университет ректорлары кеңесінің шешімімен келесі өтетін «III Халықаралық түркі әлемі зерттеулері» симпозиумы 2016 жылы М. Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік университетінде өтетін болып келісілді.
Салтанатты жабылу рәсімінде Қыздар университеті ректоры Динар Нөкетаева алыстан ат терлетіп келген симпозиум қатысушыларына, Нигде университеті ректоры А.Гөрурға, ғалым М. Алыпқа, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Қ. Касимовқа және М.Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінен келген Гүлназ Шафиковаға, Түркі халықтарының мәдени қоры президенті А.Дағдұранға және т.б. ғалымдарға, қонақтарға үлкен ризашылығын білдірді. Қонақтарға есігін айқара ашқан «Қазақстан» қонақүйі директоры Шейхмус Есинге демеушілік жасағаны үшін Алғыс хат тапсырды.
Жиын соңы университет әзірлеген концертке ұласты. Концерттен соң елімізге келген қонақтар Медеу шатқалына саяхат жасап, мемлекеттік Орталық музейді аралап қайтты.