Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Антикорға сілтеме жасап.
Талдау шеңберінде Туризм және спорт министрлігінің, оның ішінде оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының спортты қаржыландыру мәселелері жөніндегі қызметіне талдау жасалатыны айтылды.
"Бұдан басқа, спорттық іс-шараларды, жиындарды, жабдықтарды, спорттық тамақтануды сатып алуды, шетелдік іссапарларды ұйымдастыруды, сыйақыларды, спорт объектілерін салуды, сондай-ақ, спорт федерациялары мен кәсіби клубтарды ұстауды қамтамасыз ететін бюджеттік және бюджеттен тыс көздер зерделенетін болады.
Талдау агенттіктің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды талдау жүргізуге қатысуға шақырады.
"Егер Сізде жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе спортты қаржыландыру саласын жетілдіру бойынша ұсыныстарыңыз болса, оларды электрондық поштаға жіберуіңізді сұраймыз karipova.a@antikor.gov.kz".
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!