Туризм және спорт министрі қызметінен босатылды

Туризм және спорт министрі қызметінен босатылды
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Туризм және спорт министрі қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Боранбайұлы Маржықпаев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.

Бұл лауазымға Ермек Маржықпаев 2023 жылдың 2 қыркүйегінде тағайындалды.

Еске салайық, Ермек Маржықпаев Олимпиада қорытындысы туралы отырысқа БАҚ өкілдерін іріктеп шақырғанын жазған болатынбыз.

Айта кетейік, бұған дейін Президент спорттық функционерлердің жұмысын қатал сынаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев олар Қазақстанда миллиардтаған бюджетті игерумен ғана айналысып жүргенін айтты. Оның пайымдауынша, спорт саласының менеджерлерінің әрекеті нәтижеге емес, сол қаржыны жұмсауға бағытталған. Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы соңғы бес жылда жоғары спортқа жұмсалған шығындар екі есе өскенін, бірақ жеткілікті нәтиже бермегенін атап өтті. Спорт саласында үнемі жемқорлық фактілері анықталатыны да оны қынжылтады.

Еске салайық, Париж Олимпиадасына барған Қазақстан делегациясына бюджеттен 900 миллион теңге жұмсалды.

Қазақстан құрамасы Олимпиадада жеті медаль: бір алтын, үш күміс және үш қола жеңіп, командалық есепте 43-орынға ие болды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова