Ұлыбританиялық турист Гарри Шиммин Қырғызстан тауларындағы қар көшкінін видеоға түсіріп алды, - деп хабарлайды АКИpress басылымы.
Алапат қар көшкіні Қырғызстанның Ыстықкөл облысы аумағында болған. Бірнеше саяхатшы Қырғыз Алатауының Джууку шатқалынан өткен соң осындай жағдай туындаған.
Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көшкін маңайында 9 адам болған. Оның сегізі - ұлыбританиялық, біреуі - АҚШ азаматы.
Гарри Шиммин қар көшкіні кезінде таудың ең биік нүктесіне жеткенін айтады. Ол қар көшкінінің даусын естігенде, төбенің басында суретке түсу үшін топтан алыстап кетеді.
"Қар көшкіні басталғанда жардың шетінде тұрғандықтан, алысқа қашып құтылмайтынымды білдім. Сол себепті орнымнан қозғалмадым. Иә, соңғы секундқа дейін видео түсірдім. Бірден жасырыну қауіпсіз болатынын білемін, үлкен тәуекелге барғанымды жақсы түсінемін. Көшкін басып, айналам қараңғы болып, демалуым қиындағанда біткен жерім осы деп ойладым", - деді куәгер.
Ол қалған топ қар көшкінінен қауіпсіз аймақта болғанын айтады. Сонда да екі қыз жеңіл жарақат алған.
"Бәріміз күлдік, жыладық, тірі қалғанымызға қуандық. Біз қаншалық бақытты екенімізді түсіндік. Сол маңда 5 минут ұзағырақ жүргенде бәріміз өліп кетер едік. Біз жүрген жерлерді қар көшкіні толығымен басып қалды. Көлік көлеміндей үлкен мұз кесектері жерге шашылып кетті", - деп жазды Гарри.
Ол түсірілген видео оны Қырғызстанда танымал еткенін атап өтті.