Маңғыстау облысы 2023 жылы 320 мыңнан аса турист қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2022 жылы Маңғыстау облысына шетелден және ел өңірлерінен 310 мыңнан аса турист келген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Өңірде туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 11,5 миллиард теңге болған (өсім - 1,6 есе).
"Өңірдің туристік саласын дамытудың маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Мұны саладағы оң динамикадан да көруге болады. Туризмнің дамуы көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты. Туристердің әуе көлігімен келуіне барлық жағдай жасалған. Бүгінде Үкіметтің қолдауымен ұшақтар халықаралық және ішкі бағыттар бойынша 24 бағытта аптасына 110 әуе рейсін, оның ішінде алыс және жақын шет елдерге 16 бағытта 45 әуе рейсін жасайды, - деді өңір басшысы.
Жыл басынан бері "Ақтау халықаралық әуежайымен" тасымалданған жолаушылар саны 2022 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға артып, 407 490 жолаушыға жетті.
Мәселен, курорттық аймақтарды дамыту аясында 2022 жылы жергілікті инвесторлар 4 жобаны іске асырған. Нәтижесінде 1,1 миллиард теңгеден аса инвестиция тарта отырып, 80-нен аса жаңа жұмыс орны құрылған:
1. "Нефтемаш" КЗ" "Сартас" келушілер орталығын салу
2. "Фламинго курорты" демалыс базасы ("Фламинго" ЖШС)
3. Глампинг Teniz Village (Techno west ltd ЖШС)
4. AURA демалыс базасы ("Алека" ЖШС)
"2023 жылы 210 жұмыс орнын құрумен 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, жалпы құны - 100 миллиард теңге. Бұл жобалардың барлығы өңір экономикасын дамыту үшін оң мультипликативті әсер етеді", - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!