Турист ретінде келдік деп заң бұзған шетелдіктер елден шығарылды

Астана полициясы заң бұзған Пәкістан Ислам Республикасының алты азаматын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шетелдіктер Қазақстанға турист ретінде келгенімен, саяхаттаудың орнына құрылыс алаңында жұмысқа орналасып, елде болу мерзімінен асып кеткен. Осылайша, олар Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған.

"Сот шешімімен тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан күштеп шығарылды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, жедел-профилактикалық іс-шара барысында полицейлер заңбұзушылыққа жол берген 422 шетел азаматы мен 70 Қазақстан азаматын анықтады.

Іс-шара нәтижесінде 72 шетел азаматы елден шығарылды.

Полиция елге заңсыз келген шетел азаматтары туралы ақпарат болса, дереу жақын жердегі ішкі істер басқармасына немесе 102 нөміріне хабарлау керегін ескертті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!