Әлеуметтік желілерде Турин кебіні әлемдегі алғашқы фотосурет деп тарап жүр. Оны Леонардо Да Винчи обскура камерасының көмегімен жасаған. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды stopfake.kz.
Турин кебіні - бұл екі жағынан адам денесінің бейнесі толық көрінетін ұзын мата кесіндісі. Дінге сенушінің көбі өлім жазасына кесілгеннен кейін Исаның денесі осы матаға оралған, ал сурет - Исаның денесінің ізі деп санайды. Ғалымдар бұл болжамға күмәнмен қарайды. Олардың пайымдауынша, ер адам мүсінінің ізі - бұл сурет, таңба, ол матаның кейбір бояғыш заттармен өзара әрекеттесуінің нәтижесінен пайда болған. Бұл гипотезалардың ешқайсысы расталған жоқ.
Кебін Да Винчи түсірген алғашқы селфи деген теорияны 2009 жылы британдық зерттеушілер ұсынған. Олардың пікірінше, ол обскура камерасын пайдалана отырып, матаға өз бейнесін түсірген. Бұл болжам кебіндегі бейненің Леонардоның автопортретіне қатты ұқсайды дегенге негізделген. Сонымен қатар, радиокөміртекті талдау нәтижесі оның орта ғасырларда тоқылғанын көрсетті. Сондықтан теория авторлары Леонардо да Винчидің кебінді жасауы әбден мүмкін деп ойлады.
Алайда, бұл теория оның өмірлік хронологиясына сай келмейді.
Ол 1452 жылы дүниеге келген. Ал кебін 1355 жылы Францияда Лирей қаласында алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Яғни, кебіндер Да Винчи туғанға дейін кем дегенде 97 жыл бұрын болған, демек, оны ол жасамаған.
Кебіннің шығуы - ғылым үшін ең көне жұмбақтардың бірі. Мамандар адам денесінің ізі матаға қалай және қашан түсірілгені туралы сұрақтарға нақты жауап іздеп, оны зерттеп жатыр.
Әзірге нақты жауаптар жоқ. Алайда барлық теорияның ішінде фотосурет пен Леонардо Да Винчи туралы теория негізсіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!