Шығыс Қазақстан облысында ауылдық округ әкімі тұрғындардың бірімен жаға жыртысқан. Былтыр Катонқарағай ауданында болған іс бойынша жуырда сот шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл оқиға Ново-Хайрузовка ауылдық округінде былтыр тамызда болған. Сотқа биыл жеткен. Кейін округ әкімі Марат Мұхаметқайыров қызметінен кеткен. Ал биыл ақпанда бұл қызметке Рауан Нұрмолдинов тағайындалғаны белгілі болды.
Жоғарғы соттың ресми сайтында даулы іске қатысты Катонқарағай аудандық соты шешімі көрсетілген. Құжатта Марат Мұхаметқайыровтың тұрғынға дене жарақаттарын келтіргені жазылады. Айыпталушы сотта кінәсін мойындап, жәбірленуші де соққы жегенін растады. Алайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жанжал болған соң төрт ай өткеннен кейін ғана толтырылған. Ал дене жарақаттары туралы сарапшы қорытындысы жанжалдан соң бірден шыққан. Жауапкер сотқа әкім ретінде емес, жұмыссыз адам ретінде келді.
"Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 73-1 бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылады. Соған сәйкес, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу немесе 15 күнге қамау туралы жаза бар. Мұхаметқайыровтың С.-ның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіруі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушінің өтінішімен, полиция инспекторының құқықбұзушылықты тіркеу туралы баянатымен, сарапшының 2022 жылғы 2 қыркүйектегі №3828 қорытындысымен, өндіріске қатысушылардың жазбаша және ауызша түсіндірмелерімен расталады", - делінген іс материалында.
Барлық материалды қарастырған сот бұрынғы ауылдық округ әкімін Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 73-1 бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танып, мемлекеттік бюджетке 32 161 теңге айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!