Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында үш адамға қасқыр шапты. Аудан әкімдігі тұрғындарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желідегі ақпарат бойынша, Қарқаралы қаласында таңғы алты шамасында үш адамға қасқыр шапқан. Ауруханаға үш адам жүгінген. Тұрғындарға қажет ем-шара жасалып, амбулаторлық емделуге жіберілген.
Қарқаралы ауданының әкімдігі тұрғындарға ескерту жасады.
"Мәселе Қарқаралы ауданы әкімінің тікелей бақылауында. Аудандық ведомствоаралық топ құрылып, оның құрамына аудандық полиция, ветеринариялық қызмет, төтенше жағдай саласы мамандары кірді. Қазір қасқырды қала бойынша іздестіру шаралары кең көлемде жүргізіліп жатыр. Орта мектеп, білім ұйымдарында арнайы қауіпсіздік посттары қойылды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!