Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындардың қауіпсіздігі үшін саябақтарға тексеріс жүргізу қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алмалы ауданы тұрғынының сұрағы: Қаламыздың саябақтарында полиция будкасы бар, бірақ полицейлер неге сол жерден шықпайды, саябақтарды тексермейді? Мысалы, Ганди атындағы саябақта шашылған шприцтер өте көп. Әрі ол жерде есірткі таратушылар жүреді. Полицейлердің міндеті не, неге олар будкасынан шықпайды?
Алматы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров бұл ақпаратқа қатысты жауап берді.
"Жоқ, бұл олай емес. Модульдік посттағы әрбір инспектордың аумақты аралайтын белгілі бір уақыты бар. Егер шашылған шприцтерді көрсеңіз немесе есірткі жасырылған жерлерді білсеңіз, полицияға хабарласыңыз. Біз шара қолданамыз. Сонымен қатар, бізде сенім телефоны бар, Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бар. Айта кетерлігі, Алматы республика бойынша синтетикалық және басқа да есірткілерді тәркілеу бойынша бірінші орында тұр. Бұл індетпен күресте бір ғана тәртіп сақшыларының күші жетпейді, сондықтан полицияға хабарласыңыздар", - дейді Заппаров.
Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындардың қауіпсіздігі үшін полиция басқармасы аудан әкімімен бірлесіп саябақтарда тексеріс жүргізуі керегін айтты.
"Ең көп саябақ Алмалы ауданында орналасқан. Жұма күні біз полицияның сервистік орталықтарын құру жөнінде ішкі істер министрімен кездестік. Қазірдің өзінде бұл жобаны іске асырып жатырмыз. Біз үшін ең бастысы, полицияның сыртқы келбеті емес, кімнің, қалай жұмыс істейтіні маңызды. Тексеріс жүргіземіз бе, әлде басқа жолы бар ма, қоғамды не істеу керектігін бірлесіп шешуге шақырамын. Сақшылар будкада отыра бермей, сыртқа шығып төңіректі бақылауы керек. Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығына жоспар жасауды тапсырамын, бір айдан кейін ненің қалай өзгеретінін көреміз", - дейді қала басшысы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!