Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары қиын жағдайда қалды. Ала-қол жер сатушының әрекетінен 22 отбасы баспанасынан айырылуы мүмкін. Істі қараған жергілікті сот бастапқыда сатушының әрекетін заңсыз деп танып, бар жүкті алаяқтың мойнына ілгенімен апелляциялық сот тұрғындарды жерге иелік ету құқығынан айырған. Күрмеуі көп мәселенің жай-жапсарын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
© Суретте: Жаңатұрмыс тұрғындары / Нұрбол Ынтымақұлы
Мәселе Жаңатұрмыс тұрғындары мәміленің заңдылығына сеніп, жер телімдерін сатып алып, оған үй салған соң туындаған. Қыруар ақша мен күш-жігерін салып "әне-міне дегенше үйлі болдық" деп, баспана бақытын енді сезініп бастаған тұрғындар ары қарай не істерін білмей дал.
Оқиға басы Смецкийден сенімхат алған, бірақ жер сатуға құқығы жоқ Зейнидиновтың құжаттарды қолдан жасап, учаскілерді сатуынан басталады. Сенген адамы қапы қалдырып, жер сатылымы бойынша хабар алмаған Смецкий, жер құқығын қалпына келтіру үшін істі сотқа жіберген.
Дегенмен, соттардың шешімдеріне байланысты жағдай одан сайын күрделене түседі. Бастапқыда жергілікті Қарасай аудандық соты тұрғындарды адал сатып алушылар деп танып, оларды қолдайды. Зейнидиновты алаяқтық жасағаны үшін соттайды. Алайда бұған қанағаттанбаған Смецкий апелляциялық сотқа шағымданады. Ондағылар керісінше шешім қабылдап, жерді Смецкийге қайтарып берді. Бұл шешім бүтіндей бір 22 отбасын баспанасыз қалдырды. Бұны тұрғындардың адвокаты заңсыз әрекет деп танып отыр. Ендігі тұста тұрғындар әділетсіз шешімге қарсы тұру үшін Жоғарғы сотқа жүгінуді жоспарлап, өз құқықтары үшін күресуге тырысып жатыр. Алайда Жаңатұрмыс тұрғындары қазір есеңгіреп, қобалжу үстінде. Көпшілігі үшін бұл олардың жалғыз баспанасы, мәжбүрлі түрде көшірілген жағдайда олар көшеде қалмақ.
© Суретте: Жаңатұрмыс тұрғыны Гүлсім Есжанова / Нұрбол Ынтымақұлы
Жаңатұрмыстың тұрғыны Гүлсім Есжанова өзінің ашуға булығып отыр. Олар үшін бұл жер учаскесі тек мүлік емес, ұзақ жылғы маңдай тер жемісі. Гүлсім барлық күш-жігері мен қаражатына салған үйінен бір күнде айырылып қалатына сене алар емес.
"Соңғы 4 жылда сенделіп кеттік. Алматы обылысы, Қарасай ауданының не әкімі, не прокаратура бізге қарайласпайды. Олар мына бірлескен алаяқтарды қолдап отыр. Біздің сонда бар кінәміз адал еңбекпен тапқан ақшамызға жер сатып алғанымыз ба? Бұл жерді заң жүзінде нотариус бекіткен. Мұнда құрылыс жүргізу, архитектура бәрі-бәрі заңдастырылған. Бірақ неге апелляциялық сот бізді жерімізден айырып отыр? Мәселеге қатысты Қарасай соты құқығымызды қорғап берген. Бірақ, апелляциялық сот ісі қаралған Талдықорған қаласына, кейінгі Қонаев қаласына да бізді шақырмаған. Шешімді бізсіз Смецкийдың пайдасына шешкен. Енді жер сонікі, ертең алып сатып жіберем десе де оның өз еркі. Бірақ біз күресімізді жалғастырамыз, соңына дейін барамыз, бұлай жалғаса берсе далада қаламыз!", - дейді Гүлсім Есжанова.
© Суретте: Жаңатұрмыс тұрғыны Махсат Мырзалиева / Нұрбол Ынтымақұлы
Тұрғындардың бірі Махсат Мырзалиева жердің құжаттары мен құрылысқа рұқсаттың заңды түрде берілгенін көрсете отырып, жағдайдың абсурдтығына баса назар аударуды өтінді. Ол апелляциялық соттың бұл фактілерді елемей, барлық алдыңғы шешім мен дәлелдерге қарамастан жерді Смецкийге қалай беруі мүмкін екендігі туралы еш түсінбейтінін жеткізді.
"Осы жақында ғана Egov базамыз біраз уақытқа жабылып қалды. База ашылғаннан кейін қарасақ жер қайта Смецкийдың атына аударылған екен. Бұл апелляциялық сот шешімінен кейін болған жайт. Негізі бұған дейін жер біздің атымызда болған. Бәріміздің қолымызда оның құжаты да, сәулет-жоспарлау тапсырмасы да бар. Апелляциялық сот осының бәрін жоққа шығарып отыр, ол қалай", - дейді жәбірленуші Махсат Мырзалиева.
© Суретте: Аудан прокурорының орынбасары Оспанов Шыңғыс
Қарасай ауданы прокурорының орынбасары Оспанов Шыңғыс тұрғындарға құқықтық мүмкіндіктерін түсіндіруге тырысты. Ол жағдайдың күрделілігін мойындап, Жаңатұрмыс тұрғындарына қолдау білдіріп, Жоғарғы сотқа шағым түсіре алатынын атап өтті. Алайда, ол сонымен бірге оның өкілеттіктері шектеулі екенін және тұрғындардың әділеттілікке деген ұмтылысын толығымен қолдаса да, сот шешіміне араласа алмайтынын жеткізді.
"Бұл азаматтық процесс. Соған байланысты прокуротура процеске қатысқанымен, іске қатыспады. Аталмыш іс екі азаматтық субьекті арасындағы дау. Іске қатысты сот шешім шығарды, акті күшіне енді. Енді, сіздер екінші тарап ретінде бұл шешімге қарсы шығып, Жоғарғы сотқа шағым түсіре аласыздар. Заңдық тұрғыда сіздердің бұған толық құқықтарыңыз бар. Мен өз тарапымнан берген уәдемнің бәрін орындадым. Тұрғындардың жері сатылып кетпес үшін заңды талаптар қойып бердік. Смецкий енді ол жерлерді басқа біреуге сата алмайды. Нотариустың жұмысын тексереміз деп уәде бердік. Қазір соны қарап жатырмыз. Яғни сіздердің аттарыңыздағы жер "қаншалықты заңды түрде Смецкийдың атына өтті?" деген сауалға өкілетті органдардан жауап алып жатырмыз. Қылмыстық іс қозғалды, Зейнидинов алаяқтық жолмен, жалған сенім хатпен жер сатқаны үшін сотталды. Кінәлі азамат 2023 жылы Жетісу облысының арнайы қылмыстық соттың үкімімен айыпты деп танылып 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ, білуімше, оны Шығыс Қазақстан облысында шартты түрде ерте босатып жіберген. Мен өз басым сіздер ұстанған позициядамын. Дегенмен, сот шешімін жою немесе оған протест жасау менің құзіретіме кірмейді. Ол тек Жоғарғы сот құзыретінде", - дейді Оспанов Шыңғыс.
© Суретте: адвокат Мейірман Черкеев
Жаңатұрмыс тұрғындары үшін әділдік күресін адвокат Мейірман Черкеев жүргізіп жатыр. Оның өз сөзінде "апелляциялық сот шешіміне сыбайлас жемқорлық әсер етуі мүмкін" дейді. Десе де түрлі қиындықтарға қарамастан, шындықты Жоғарғы соттан іздейтінін мәлімдеді.
"Заң бұзушылық Алматы обылыстық сот алқасы тарапынан кетіп тұр. Бұл жай ғана қате емес, жалған шешім деуге әбден саяды. Қылмыстық кодекстің 418 бабына сәйкес судьялардың үстінен қылсыстық іс қозғалу керек деп санаймын. Себебі іс материалдарында бұл азаматтардың бәрі кемі 4 миллион теңгеге жер алғаны бар. Бірақ, біріншіден апелляциялық сот бұны кері бұрмалап, тұрғындар жерді адал сатып алмаған деп бекіткен. Екіншіден, азаматтық процестік кодекстің 76-бабының 3 тармағын бұрмаланып тұр. Яғни, ол жерде үкіммен анықталған мән-жайлар, басқа бір азаматтық сотта қайта дәлелденбейді, егер сол тараптар болса деп көрсетілген. Үкімде іс Зейнидинов пен Смецкийдың арасында болған, және кейінгі үкімде сол азаматқа қатысты болуы керек. Бірақ апелляциялық сот оны бұрмалап, алаяқтар қатарына тұрғындарды да қосқан. Бұл тек қателік емес, жалған шешім шығару. Енді осындағы біздің бірінші талап сол жердегі судьялар жұмыстан кетсін дейміз. Кейінгі мәселе, азаматтардың үйі орналасқан жер құқығы автоматты түрде Смецкийға берілген. Бұл аталмыш заңның 52-бабына кереғар. Ол 22 адамның жер құқығы тек бір адамға берілді деген сөз. Ол мүмкін емес нәрсе. Үйлер қазір аспанда қалқып тұр, жері жоқ. Мен бұның астарында жемқорлық жатыр деп ойлаймын, өйткені судяларлың бұны білмеуі мүмкін емес. Біздің келесі қадам Жоғарғы сотқа жүгіну. Онда да қорқыныш бар. Өйткені қолданыста бар тәртіп бойынша істі тек бір судья ары қарай өтер-өтпесін бағамдайды. Бұл негізі қате тәртіп. Қазір депутаттар осы мәселені ыңғайластырып жатыр. Дегенмен, оған дейін мына істің жайы бізді қатты алаңдатады", - дейді адвокат Мейрман Шіркеев.
Бұл жағдай сот жүйесіндегі проблемалардың бет-бейнесі ашып көрсеткен даулы мәселелердің біріне айналмақ. Ендігі үміті Жоғарғы сот болып отырған тұрғындар да оған толық сеніммен қарай алмайды. Бұл сот процесі этаптарының тиімсіздігін көрсетіп жатыр. Тіпті айқын дәлелі бар адамдарды заңды мүлкінсіз қалдырған әділетсіз шешімнің шығуна түрткі болған жағдайлар да ақтап алуға еш келмейді.