Атырауда "Атамекен тұрғын үй", Baisanat Residence және Saraishyq Invest Group тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осындай шағым айтқандардың бірі - атыраулық Амандық Абдолов. Ол Saraishyq Invest Group тұрғын үй кооперативіне 2019 жылы салым салған.
"Анам екеуміз әкемнен қалған бір бөлмелі пәтерде тұрамыз. Үлкен үй алғымыз келіп, сол кездегі "Тұрғын үй құрылыс банкіне" шот ашып, ақша жинадық. Сол үшін қосымша жұмыстар алып жүрдім. Бірақ қанша жерден конкурстарға қатыссақ та үй ала алмадық. Сөйтіп жүргенде, әлеуметтік желілер арқылы арзан бағаға жақсы үй алу мүмкіндігі туралы жазылған хабарламаны көріп қалдық", - дейді Амандық.
Осылайша, Амандық банкке жинаған 5 миллион теңгеге жуық қаражатын Saraishyq Invest Group тұрғын үй кооперативіне аударады. Амандық бүгінде кооператив шотына аударған ақшасының 6 миллион теңгеден асқанын айтады.
"Атыраудағы Самал ықшамауданынан 4 бөлмелі пәтер алмақ болдық. Шаршы метрі 130 мың теңге деген соң, тіпті қуандық. Себебі Атырауда жаңа әрі жақсы үйлер арасынан арзанға пәтер табу мүмкін емес. Бастапқыда бізге үй құрылысы 2020 жылғы қыркүйекте аяқталады деген еді. Содан бері "әне-міне" деумен 5 жыл өте шықты. Аяғында кооперативтің үстінен іс қозғалып жатыр. Осы уақыттан бері біз аламыз деген үйіміздің құрылысы бітпей, орта жолдан тоқтап тұр", - дейді Амандық.
Үлескерлер енді бұл іс әкімдік тарапынан оң шешімін тауып, тұралаған құрылыстарға инвестор табылады деген үмітпен отыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!