- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тұрғындар түсінбей отыр....
Тұрғындар түсінбей отыр. Мүлік иелері бірлестігі тиімді ме, жоқ әлде пәтер иелері кооперативі ме?
Қарағандыда 1627 көпқабатты үйге мүлік иелері бірлестігі құрылды. 1 шілдеден бастап әрбір көппәтерлі үй пәтер иелері кооперавтивінен шығарылып, жеке мүлік иелерінің бірлестігіне тіркелуі керек. Мұндай заңды Үкімет қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Валентина Погребняк - мүлік иелері бірлестігінің төрағасы. Тұрғындар жиналып, ПИК құрамынан шығуға шешім қабылдаған. Тариф бір шаршы метр үшін 20 теңгеден 50 теңгеге дейін көтерілген. Осы уақыт ішінде олар бүкіл үйдегі құбырларды суық суға ауыстырып, жарықтандыру жөнделген. Төраға бұл ісі үшін 70 мың теңге жалақы алады.
"Біздің үйімізде сантехник, электрик, слесарь барлығы тұрады. Бұл жағынан жолымыз болды. Оқыс жағдай болса олар жөндеп береді, біз ақысын төлейміз. Айлық бермейміз. Бұл жағы тиімді", - дейді мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Валентина Погребняк.
Бір айда бұл мүлік иелерінің бірлестіктері бір үйден 177 мың теңге жинайды. 70 мың теңге төрағаның жалақысы мен салыққа, 15 мыңы бухгалтерлік қызметке, 50 мыңға жуығы тазалықшыға, 11 мыңға жуығы түбіртектер мен банк қызметтеріне кетеді. Жөндеуге және басқа шығындарға шамамен 40 мың теңгесі қалады. Бірлестіктің ПИК-тен айырмашылығы жиналған барлық ақша тек үйге жұмсалады. Қызмет көрсететін компаниялармен арнайы келісімшарт жасалады. Ең қиыны - барлық мәселені өз мойнына алғысы келетін және күні-түні байланыста болуға дайын адамды табу, өйткені кез келген уақытта проблемалар туындауы мүмкін. Көптеген қарағандылық ПИК-ке риза және мүлік иелері бірлестіктеріне ауысқысы келмейді.
"Тұрғындардың барлығы әлі де түсіне қойған жоқ. Бірақ ерте ме, кеш пе, бәрібір мүлік иелері бірлестігіне көшуге тура келеді. Ең тиімдісі - осы. Қазір көпқабатты үйлерде мәселелер туындап жатыр. Бірақ 5 қабаттан аспайтын үйлер бұл талаппен келісіп, жұмыс істеп жатыр", - дейді Қазыбек би ауданы әкімі Елдар Дүйсетаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы