Тұрғындар желіде көмек сұрады: Қарағанды облысында ауыл маңы өртеніп жатыр

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Жаңатоғaн ауылы маңында жанған құрғақ шөпті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындар желіде көмек сұрады

Threads желісінде ауыл тұрғындарының жазбасы пайда болды.

"Таңғы сағат 5:00, ұйқы жоқ... Ауылымыз өртке оранып жатыр. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Жаңатоған ауылы. Жылаған ащы дауыс, үркіп үйде жалғыз қалған аналар, тілсіз жаумен екі күннен бері күресіп жатқан ауыл азаматтары. Қаншама қысқа жинаған шөп, қыстақтар өртеніп кетті, әлі де өрт өршіп тұр! Өтініш, ауылымызға көмектесіңіздер", - деді желі қолданушыларының бірі.

Threads желісінен

ТЖМ не дейді? 

Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстары қатты желдің екпініне, сондай-ақ, таулы жер бедеріне байланысты қиындаған.

Елді мекенді қорғау және өрт ауылға қарай таралуына жол бермеу мақсатында ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың күштері, құралдары жұмылдырылған.

Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Жаңатоған ауылы маңындағы өрт аумағына аэровизуалды барлау жүргізілген.

"Барлау нәтижесінде жаңа ошақтар анықталмады. Елді мекендерге қауіп жоқ. Қазір өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары, жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Оқиға Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бақылауында", - деді ТЖМ өкілдері.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз