Тұрғындар ер адамды соққыға жыққан түркістандық полицейлерді соттауды талап етіп жатыр

Тұрғындар ер адамды соққыға жыққан түркістандық полицейлерді соттауды талап етіп жатыр
Фото: видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде түркістандық қос полицейдің жұмыс уақытында көпқабатты үйдің ауласында бейтаныс ер адамды соққыға жыққан сәтінің видеосы тарады. Оны сол үйдің жоғарғы қабатында тұратындардың бірі түсіріп алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Видеодан қызметтік көлікпен жеткен екі полицейдің ер адаммен сөйлесіп тұрғанын көруге болады. Кейін тәртіп сақшысының бірі оның екі қолын ұстап, қасындағы екінші полицей әлгі ер кісінің оң жақ бүйрек тұсынан ұрады. Соққының қатты болғаны соншалық ер адам есін жоғалтқан. Осы сәтте соққыға жыққан полицей қызметтік көлік ішінен белгісіз затты (электрошокер болуы мүмкін) әкеліп, ер адамға тигізгеннен кейін оның жан дауысы шығып, есін жияды.

Видеоны көрген желі қолданушылары полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті заңға қайшы екенін айтып, қатаң жауапқа тартуды талап етті.

"Баяғыда рэкеттер болушы еді. Қазір форма киген рэкеттер бүйректен, қабырғадан ұрады. Талдырады", "Бұл форма кигендердің қатаң жазалануын талап етеміз", "Жұмыстан шығара салу – оңай жаза. Сотталсын", "Электрошокер алып келді ме? Анау адам тіпті қарсылық танытқан да жоқ қой", "Талғанша ұрып, артынан электрошокермен ұруға қандай хақысы бар?", "Электрошокерді Үкімет берген бе?" деп жазды желідегілер.

Бұл видеоға қатысты Түркістан облысы полиция департаменті түсінік берді. Оқиға тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні сағат 4-тер шамасында Түркістандағы "Отырар" мөлтекауданында болған.

"Полицияға "Түнгі уақытта тыныштықты бұзды" деген хабарлама жергілікті тұрғыннан түскен. Оқиға орнына тез арада патрульдік полиция қызметкерлері кеткен. Олар тұрғынның хабарлауы бойынша көпқабатты тұрғын үйдің аумағына келген кезде бірнеше ер адам жиналып тұрғанын байқаған. Алайда полицияны көре сала олар қашқан. Сол мезетте тәртіп сақшылары бір адамды ғана ұстап үлгерген. Оны медициналық сараптамаға жеткізбекші болған кезде қарсылық көрсетіп, одан сайын шу шығарған", - деп түсіндірді ведомство.

Полиция департаментінің хабарына қарағанда, соққы алып, есінен танып қалған тұрғын тәртіп сақшыларының үстінен арыз жазудан бас тартыпты.

Қазір видеодағы жайтқа байланысты департамент бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеп-тексеру басталған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан