- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тұрғын үй нарығына...
Тұрғын үй нарығына реформа жүргізіліп жатыр
Кеңес үкіметі тұсында баспана үшін бас қатырмайтын бұқара үшін, еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкеннен соң баспана басты мәселеге айналды. Өйткені ендігі жерде үкімет тарапынан тегін баспана беру тоқтатылды. Оған қоса, халықтың ауылдан қалаға үдере көшуі баспанаға деген сұранысты арттырып, мәселені одан сайын ушықтырды. Сондықтан да ел үкіметіне шұғыл түрде тұрғын үй саясатын қолға алу қажет болды.
1993 жылғы 6 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті "Жаңа тұрғын үй саясаты туралы" Жарлыққа қол қойды. Құрылыс саласын реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Сәулет және құрылыс комитетінің орнына Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарды дамыту министрлігі құрылды. Аталмыш министрлікке мемлекеттік компаниялар құру, тұрғын үй салуды конкурстық негізде ұйымдастыру және бірқатар өзге де міндеттері жүктелді.
Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмдi қаржыландыруды одан әрi жетілдіру мен оның тиімділiгiн арттыру және ипотекалық кредит беру жүйесін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 16 сәуірдегі N 364 қаулысымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі(қазіргі "Отбасы банк") құрылды.
Ел азаматтарын баспанамен қамтуды мақсат еткен Үкімет "5-20-25", "7-20-25", "Жас отбасы", "Өз үйім", "Нұрлы жер", "Әйелдер ипотекасы", "Баспана хит", "Шаңырақ", "Бақытты отбасы", "Әскери баспана", балаларға арналған "Арнау" депозиті, "50/50" секілді ондаған бағдарлама қабылдап, жүзмыңдаған пәтер тұрғызылды. Қолға алынған шаралар нәтижесінде мыңдаған отандасымыз баспанаға қол жеткізді. Алайда, жаңа тұрғын үй саясатының қолға алынғанына отыз жыл болса да, баспана мәселесін толықтай шешу мүмкін болмай тұр. Ресми мәліметке сүйенсек, 2022 жылы баспана кезегінде тұрғандар саны 613 мыңнан астам адамды құраған. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар – 222 мың, отбасылық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен – 70 мың адам, көп балалы отбасылар – 51 мың, жетім балалар – 2 мың, І және ІІ топтағы мүгедектер – 10 мың, мүгедек баласы бар отбасылар – 7 мың. Ал бұл санаттағы азаматтардың қатарына қосылмайтын, баспанаға мұқтаж жандардың нақты саны белгісіз.
Бір таңғаларлығы, бұл санаттағы азаматтар арасында 15-20 жылдан бері кезекте тұрғандар бар. Сарапшылардың пайымдауынша, мұның басты себебі – "бармақ басты, көз қысты" әрекеттер. Өйткені, біреу 20 жыл кезекте тұрып пәтерге қол жеткізе алмай жүрсе, қолдаушысы бар базбіреулер кезек күтпей ақ баспаналы болып жүрген көрінеді. Сарапшылардың пайымы дәйексіз емес. Өткен жылы Талдықорған қаласында 1066 пәтердің заңсыз берілгені туралы ақпарды көпшілік естіген де болар. Мұндай жағдай тек Талдықорған қаласында ғана емес екені айтпаса да түсінікті.
Осындай келеңсіз жағдайларды ескерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес Үкімет тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Сонымен қоса, жеке тұрғын үй қорында тұрғын үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерінің тетігі әзірленді, тиісті қағидалар дайындалып, Отбасы банкі базасында цифрлы платформа іске қосылды. Заң аясында тұрғын үй саясатын толықтай реформалау және оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығарып, Отбасы банкін ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылды.
Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері туралы заңға сәйкес, енді, Отбасы банкінің базасында, біріңғай, "тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын" құру жоспарланды. Аталмыш орталық санатына қарамастан республика аумағында тұрып жатқан,баспанасы жоқ барлық азаматтардыбір жерден есепке алуды қолға алмақ. Жаңа модель тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылатын болады. Бұл өз кезегінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттырып, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландырады. Сондай-ақ, азаматтардың барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірледік. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу "бір терезе" қағидаты бойынша бір орталықтан, ашық түрде жүргізілетін болады. Оның негізгі операторы – "Отбасы банкі", - деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Сонымен қоса, Премьер-Министр жаңа тұрғын үй саясаты бойынша азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері туралы айта келе, арендалық төлемді субсидиялау және ауылдық жерлерде тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары бар екенін де жеткізді.
"Үйі жоқтың күйі жоқ" деп, атам қазақ тегіннен тегін айтпаса керек. Бұл сөз дәл бүгінгі қазақ қоғамына қарата айтылған секілді. Өйткені, бүгінгі таңда тапқан табысының басым бөлігін пәтер жалдауға төлеп, күйі кетіп жүрген қазақтар қатары азаймай тұр. Ал, пәтер жалдау бағасы жыл сайын өсіп барады. Ал, күйі жоқ халық мемлекеттің күйін күйттей ала ма?
А. Жапатова