Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының күйі мүшкіл болды. Өйткені, Кеңес үкіметінен ескі тұрғын үйлер мен ескі коммуналдық желілер мұраға қалған еді. Сондықтан ел үкіметінің алдында тозығы жеткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын аяғынан тік тұрғызу міндеті тұрды.
Алға қойылған міндетті орындау мақсатында, мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет 1997 жылғы 16 сәуiрде Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңын қабылдады. Аталмыш заң тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Дегенмен, сол кездегі елдің экономикалық әлеуеті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы төңірегінде қордаланған мәселелерді оңтайлы шешуге қолбайлау болды. Салдарынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тиісті дәрежеде қаржы бөлінбеді. Бұл тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға кедергі келтірді. Десе де, Қазақстан Үкіметі жүзеге асырған шаралар нәтижесінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі бірқатар мәселелер шешімін тапты. Алайда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелер әлі де көп еді.
Жаңа мыңжылдық басында Қазақстаннның экономикалық әлеуеті жақсара түсті. Алайда, 2007-2008 жылдардағы, бүкіл әлемді шарлаған жаһандық қаржылық дағдарыс Қазақстанды да қыспаққа алды. Салдарынан өндіріс көлемі өнеркәсіпте - 18%-ға, құрылыста - 17.3 %-ға дейін төмендеді. Соның себебінен жұмыс орындары қысқарды. Бұл онсыз да хәлі мүшкіл тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласының жағдайын күрделендіре түсті. 2008 жылдардағы көрсеткіш бойынша коммуналдық жүйелердің 72 пайызының тозығы жеткені белгілі болды. Қордаланған мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаһандық дағдарыстың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға теріс ықпалын бәсеңдету, экономикалық өсуді қайта қалпына келтіру мақсатында "Жол картасы" бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында бүкіл ел аумағында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын реконструкциялау бойынша 862 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 284 шақырым жылу трассасы, 1029 шақырым сумен жабдықтау желілері, 737 шақырым электр желісі, автожолдар, жүздеген мектеп мен аурухана, мәдениет пен спорт нысандары жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысының 2010 жылдың 1 ақпанындағы "Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" жарлығына сәйкес және Президенттің 2011 жылғы 28 қаңтардағы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Үкімет Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар нәтижесінде тұрғын үй қатынастары оңтайланды, мыңдаған тұрғын үй бой көтерді, коммуналдық инфрақұрылымдар жаңғыртылды, халыққа көрсетілетінқызмет сапасы артты, терможаңғырту және кондоминиумның ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары жүзеге асырылды. Аталмыш бағдарламаның мерзімі аяқталған соң Үкімет Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 – 2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бағдарламада көзделген мақсат – тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтерген, 2021 жылмен салыстырғанда инвестициялар көлемі 16,8%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құраған. Ал 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оған қоса, кезекте тұрған азаматтарға жеңілдетілген несие және баспана жалдауға субсидиялар беру қарастырылған. Қолға алынған шаралар нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 31,1%-ға дейін төмендеген. Өткен жылы 11 өңірде 215 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Реновациялау бағдарламалары аясында апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелері шешілетін болады. Жоспар бойынша, 2029 жылға қарай 1500 үйсүріліп, 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелері шешімін таппақ. Коммуналдық желілерді салу және реконструкциялау бойынша 14 мың км жылумен жабдықтау, 98 мың км сумен жабдықтау, 17 мың км су бұру жұмыстары жүзеге асырылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 3 мың шақырымға жуық желі жаңғыртылды. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 51%-ға дейін төмендеді. Биылғы жылы 2 мың шақырым желіні жаңғырту көзделіп отыр. Меже орындалған жағдайда, еліміздегі желілердің жалпы тозу көрсеткіші 50%-ға дейін төмендейтін болады. Ал 2029 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жетеді деп жоспарлануда.
Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы өте зор екенін атап өткен ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өткен жылы 130 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартқанын, жалпы, елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалғанын атап өтті. Алайда, Үкімет басшысы қажетті инфрақұрылымның болмауынантұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу қарқыны біршама төмендегенін де тілге тиек етті.
"Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен төмен. Негізгі проблема – қажетті инфрақұрылымның болмауы", — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үй аулаларының сапа стандарттарына сай келмейтін айтып, қынжылыс білдірді.
"Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, барлық жерде – осындай көрініс! Балалардың ойын алаңына қараңыздар! Жолдардың жағдайы қандай? Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба? Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшіліктерді жоюы керек. Құрылыстың сапасын қатаң бақылауға алу қажет", — деді Премьер-Министр.
Бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шұғыл шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Сонымен қоса, жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына да халықтың көңіле тола бермейді. Кезекпен халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұсысы да дұрыс жолға қойылмаған. Салдарынын, кей азаматтар 10-15 жылдап кезек күтіп жүрсе, базбіреулер кезексіз-ақ баспанаға қол жеткізіп жатыр. Сондықтан да Үкімет бақылауды күшейтіп, жергілікті атқарушы органдар өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, жұмысты жүйелу түде жүргізуі тиіс.