Әлеуметтік желіде "биыл 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің ауласына көлік қоюға тыйым салатын норма енгізілетіні" туралы ақпарат тарап жатыр. Ішкі істер министрлігі өкілі осы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, жол жүрісі қағидаларына ешқандай өзгеріс енгізілмеген.
"Көлікті тоқтату, тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар, көлікті гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға, осындай жерлерге тоқтауға тыйым салу жөнінде жол жүрісі қағидаларының нормалары қолданыста бар екенін еске саламыз. Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жол ережелерін қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болуға, өзара құрмет пен жауапкершілік танытуға шақырады", – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Ал, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметінше, "2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға тыйым салынады" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
"Өнеркәсіп және құрылыс министрінің "Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығында тұрғын үйлердің маңына көлік қоюға тыйым салу көзделмеген. Құжат бойынша негізгі мақсат - нормативтік құқықтық базаны Құрылыс кодексіне сәйкестендіру және елді мекендерді абаттандыру саласындағы қолданыстағы нормаларды қайта бекіту. Жаңа қағидаларда азаматтарға тұрғын үйлердің маңындағы арнайы қарастырылған автотұрақ орындарына көлік қоюға тыйым салатын нормалар жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова