Тұрғымбаев блок-бекеттердің алынуына қатысты мәлімдеме жасады

Тұрғымбаев блок-бекеттердің алынуына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: yandex.kz

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 маусымнан бастап елде блок-бекеттердің алуына қатысты мәлімдеме жасады. Бас полицейдің айтуынша, блок-бекеттер алынғанымен, коронавирустан келетін қауіп әлі сейілген жоқ. Мұны Tengrinews.kz хабарлады. 

- Коронавирус пандемиясымен бүкіл әлем күресіп жатыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Елдімекен арасындағы блок-бекеттер алынады, алайда бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Азаматтар санитарлық талаптарды ұстанып, босаңсып кетпеуі керек, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрліктің мәліметінше, карантин кезінде елде 400-ге жуық блок-пост қойылып, 6 мыңға жуық полиция қызметкері тартылған. Карантин режімі кезінде блок-бекеттерде 3,2 млн көлік құралы мен 5 млн адам тексерілген.

Ал блок-бекетте полиция қызметкері, дәрігерлер мен құтқарушылар, әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді қосқанда, барлығы 52 мың адам іс-шараға қатысқан.

Бас полицейдің айтуынша, мұның барлығы үлкен іс әрі тәртіп сақшыларына түскен салмақ болды.

- Бізге оңай болған жоқ. Психологиялық және физикалық ауыртпалық түсті. Біздің қызметкерлер өзіне берген тапсырманы абыроймен орындады әрі әлі де орындауда, - дейді ІІМ басшысы.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда 1 маусымнан бастап елдегі блок-бекеттердің барлығы алынады

 

Қ. Слямбек