Әлеуметтік желіде жастар арасында танымал әнші Тұрар Ыдырыстың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2RAR атымен танылған әнші желідегі ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
TikTok желісінде жарияланған жазбада "Тұрар Ыдырыстан айырылып қалдық. Әнші Тұрар 27 жасында қайтыс болды. Иманды болсын, жаны жәннатта болсын", - делінген.
Әнші жазбаны көрген бойда пікір қалдырыпты.
"Мен 96 жылғымын ғой. Жалған ақпарат" , - деп жазды ол.
Әншінің тыңдармандары желідегі жазбадан кейін алаңдаушылық танытып, хат жазып, хабарласқандар көбейіп кетіпті.
Ал Тұрар Ыдырыс қазір үлкен гастрольдік турнеде жүргенін айтып әлеуметтік желідегі парақшасында түсініктеме берді.
"Оған уақытым болмай жатыр. 1 күннен кейін Өскеменде концерт", - деп қысқа қайырды ол.
Әншінің өлімі туралы ақпаратты кім, қандай мақсатпен таратқаны әзірге белгісіз.
Еске салайық, 2RAR лақап атымен танылған әнші Тұрар Ыдырыстың хиттері әсіресе жастар арасында танымалдылыққа ие.
Өнер иесі тек әнші ретінде ғана емес, өзін актер ретінде де көрсетіп жүр. Отандық "Жар-жар" фильмінде танымал продюсер Гүлнұр Мамасарипованың қызы, актриса Сара Амангелдінің ғашығының рөлін сомдаған. Сол кезден бері Сара мен Тұрардың қарым-қатынасы туралы түрлі қауесет тарады. Алайда екеуі де бұл қарым-қатынас тек достықпен және кинодағы мансаппен шектелетінін айтқан болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!