Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 300 орындық жаңа мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді.
Ауданның 85 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын қуанышымен құттықтады.
"Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сол сапалы білімді игеретін жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстайтын азамат. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай жетілуіне септігін тигізіп жатыр. Биыл білім беру жүйесіне 284,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты", - деді Ербол Қарашөкеев.
Ол сонымен бірге биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатқанын, жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға берілетіндігін баса айтты.
Сондай-ақ, келер жылы қалған 11 нысанның құрылысы аяқталмақ. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында жоспарланған 12 мектептің 7-нің құрылысы ағымдағы жылы басталса, 5-уі 2024 жылға жоспарлануда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Өз кезегінде аудандық "Ардагерлер" кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов тұрғындарға ізгі лебізін жеткізіп, Мемлекет, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
Бұдан соң жаңа мектептің лентасы қиылып, кілт тапсыру рәсімі өтті.
Айта кетейік, жаңа білім ошағы 12 оқу бөлмесі, зертхана кабинеттерімен, асхана, кітапхана, мәжіліс және спорт залдарымен қамтылған. Жылу жүйесі газбен жабдықталған.
Материалды Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!