Тур таңдағанда алданып қалмас үшін... Маманнан 10 кеңес

Ұзақ уақыттан бері ақша жинап, шетелге демалып келуге бел будыңыз ба? Ендеше, демалысыңыз ойдағыдай өту үшін турды дұрыс таңдау маңызды. Тур таңдағанда алданып қалмас үшін нені ескеру керек? Massaget.kz тілшісі туризм маманы Алмас Маратұлымен сұхбаттасты.

Туризм маманы Алмас Маратұлы шетелге демалысқа баруды жоспарлап жүрген адамдарға тур таңдағанда ескеру керек 10 ереже ұсынды:

1-кеңес. Турагент табу және туроператор жайлы пікірлер оқу

Шетелге шығар кезде ең алғаш турагентті табу қажет және ол турагент қай оператормен жұмыс істейтінін білу керек. Туроператор турды жасақтайды: қонақ үй брондайды, әуе компаниямен келіседі, турдың бағдарламасын жасайды. Ал турагент жеке тұлғаға турды сатады. Яғни, жеке тұлға бірінші турагентке барады және турагенттен қай туроператормен баратынын сұрайды. Соны білгеннен кейін ғаламтордан сол туроператор туралы пікірлерді міндетті түрде оқу керек. Өйткені, туроператорлар қонақүйді брондамай қойған немесе бір әуе линиямен барады деп ұсынып, басқа әуе линиямен жіберіп жататын көптеген жағдай болады. Сондықтан осы нәрселерді ескерген жөн.

instagram.com/almas.maratu1y

2-кеңес. Бірнеше турагентке хабарласу

Турист билетті сатып алар кезде 1-2 ғана емес, 5-8 турагенттен дәл сол елді, өзі қалаған қонақ үй бағасын білуге тырысу керек. Себебі әр туроператор мен турагенттің комиссиясы әртүрлі, сондықтан бағалары да әртүрлі болады. Көп сататын турагенттің туроператордан алатын комиссиясы көбірек болады, сондықтан олардың бағасы да арзанырақ болады. Сол үшін барынша турды көп сататын агенттік табу керек. Мейлінше көп турагентке жазып, олардың бағасын салыстыру керек. Әр турагент әртүрлі баға ұсынады. Сол кезде өзіңізге ыңғайлысын таңдап аласыз.

3-кеңес. Қонақ үйді тексеру

Туристің көп уақыты қонақ үйде өтеді, сондықтан қонақ үйді де мейлінше дұрыстап тексеру керек. Турагент ұсынған қонақүйді міндетті түрде букингтен (Booking) немесе басқа да онлайн платформалардан тексеріңіз. Мұндай платформаларда қонақ үйдің балы және туристер қалдырған пікірлер болады. Себебі кейде турагенттер ұсынған қонақ үйлер ойдағыдай болып шықпайды. Оның себебі турагент менеджерлерінің көбі өздері ол жерде болмаған және олар Қазақстанда немесе басқа жерде отырып, дүние жүзі бойынша сатады, сондықтан оларға қатысты көп сұрақтарға жауап бере алмайды.

4-кеңес. Менеджердің қаншалықты жақсы маман екенін білуге тырысу

Ол үшін менеджер өзінің тауарын қаншалықты жақсы білетінін анықтау үшін оған әртүрлі сұрақтар қойыңыз. Мысалы, қонақ үйде таңғы ас нешеден нешеге дейін, багаж кіре ма, кірсе, қанша килограмм кіреді, 1 адамға неше багаж деген секілді сұрақтар қоюға болады. Себебі мынадай жағдайлар болуы әбден мүмкін: олар билетті жібере салады, ал сіздер барған кезде багаж болмай шығады. Багажды сол жерде сатып алу өте қымбатқа шығады.

5-кеңес. Визаға қатысты сұрау

Бізде көптеген мемлекетпен визасыз режим, алайда туристік виза қажет ететін кей мемлекеттер бар. Сондықтан турагенттен міндетті түрде ол жайлы сұрау керек. Қай елдерге виза қажет, сіз баратын елге виза қажет па, қажет болса, ол бағасына кіре ма әлде жоқ па сұрап алыңыз. Сондай-ақ әуежайда рәсімдейтін визалар болады. Мұндай визаны қалай алады және қандай құжаттар керек?  Егер барған кезде сізде виза болмаса, сіздерді қайтадан департация жасауы мүмкін екенін ескерген жөн. 

6-кеңес. Сақтандыру жайлы білу

Негізі сыртқа шыққан кезде міндетті сақтандыру жүреді. Бірақ сақтандырудың бар-жоғын міндетті түрде тексеріп сұрау керек. Сыртқы мемлекетте туристпен қандай да бір жағдайлар орын алса, ол өте қымбат болады. Мысалы, туристің аяғы немесе қолы сынса, оны ауруханаға апару қымбатқа шығады. Сондықтан сақтандыру жайлы сұрауды ұмытпаңыз.

7-кеңес. Қонақ үй таңдағанда жас ерекшелігін ескеру

Негізі агенттікке қонақ үйге қатысты сұрақтарды көп қойған дұрыс. Себебі сіз ол жерде қонасыз. Қонақ үй таңдағанда жас ерекшелігіңізді ескеріңіз. Қонақ үйдің сегменті қандай жас аралықтарына арналғанын сұрау керек. Жасыңыз 40-тан жоғары болса, жастар ғана баратын қонақ үйге орналасу демалыстың сәнін бұзады. Өйткені ол жерде түнімен музыка ойнайды және дискотека болады. Ол үлкен кісілерге ұйқы бермейді. Ал егер жас болсаңыз, керісінше, үлкендер жататын қонақ үйге тап болсаңыз, тағы да қызықсыз болады.

instagram.com/almas.maratu1y

8-кеңес. Жаңа қонақ үй таңдауға тырысу

Қонақ үйдің неғұрлым жаңа болғаны жақсы. Өйткені жаңа қонақ үйде көптеген заттар жаңа болады, сондықтан демалыс та жағымды болады. Ал 20-30 жылдан бері күшті жұмыс жасап келе жатқан, букингте күшті көрсеткіші бар қонақ үй болғанымен, ескі болса, ол жерде төсектер, жапқыштар, халаттар, орамалдар ескі болады. Бұған көңілдеріңіз түсуі мүмкін. Ал жаңадан ашылған жерде бәрі жаңа болады. Иә, ол жерлерде қызмет ақсайды, себебі жаңа жерде қызмеркерлер, мамандар жаңа болуы мүмкін.

9-кеңес. Трансфер жайлы білу

Қонақ үй таңдаған кезде бірінші, екінші жағалау сызығы (первая береговая линия) деген болады. Мысалы, теңізге жақыны - ол бірінші, екінші жағалау сызығы, ал үшінші және төртінші ж.с. теңізден 2-3 километрге алыс болып кетуі мүмкін. Демалысқа барған кезде шыға салып теңізге шомылған жақсы, ал алыс жаяу жүру қиынға соғады. Алайда Біріккен Араб Әмірлігіне барып демалсаңыздар бірінші жағалау сызығы өте қымбат болады. Сондықтан ол жерде трасферлер ұйымдастырылған. Яғни қаланың ішіндегі қонақ үйден күніне бір уақыт таңертең апарып тастап, кешке алып кететін трансферлер бар. Турда қонақ үйден теңізге апаратын трансфер бар ма? Әуежайдан күтіп алатын трансфер бар ма? Осыларды білу керек.

10-кеңес. Турагенттің кеңсесіне бару

Турагенттің кеңсесін сұрау қажет. Келісім-шартты кеңсеге барып рәсімдеген дұрыс. Қазір бәрі онлайнға көшіп жатыр, десе де тур сатып аларда агенттіктің кеңсесіне барып рәсімдеген сенімді. Себебі қазір алаяқтар өте көп. Турды ешқандай келісімсіз жасап, ақшаны алып алады. Кейін мұндай компания мүлдем жоқ болып шығады. Біз оларды инстаграмдық компаниялар деп айтамыз.