Ауа сапасы - алматылықтар шамына тиетін тағы бір мәселе. Тұрғындар ауа сапасына наразы. Бұл мәселе шешілу үшін не істеліп жатыр? Ауа ластануының басты себептері не? Қай қалаларда ауа ластану көрсеткіші жоғары? Алматыда қай ауданда ауа көбірек ластанады? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын білу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдады.
Көліктің көп болуы. Олардың шығаратын зиян газдары (азот оксидтері, көмірқышқыл газы және күйе) ауа сапасын нашарлатады.
Жеке үйлер мен шағын қазандықтар. Кейбір үйлер мен мекемелер көмір және дизель отынын пайдаланады, бұл әсіресе жылыту маусымында зиян қалдықтардың көбеюіне әсер етеді.
Өнеркәсіп нысандары. Қалада ірі өндіріс орындары аз болғанымен, олардың қалдықтары да үлес қосады.
Табиғи факторлар. Алматыны тау қоршап тұрған соң, ауа массаларының циркуляциясы шектеліп, ластанады.
"Алматының жеке секторын жылыту және ыстық сумен жабдықтау үшін көмір мен табиғи газ жағылады. Бұдан шығатын ластаушы зат көлемі - 18634,54 тонна. Алматыдағы жеке сектордағы (99 пайыз газдандырылған аймақта) қазандықтар мен көмірді пайдаланатын 12 316 монша бар. Оны жағу барысында шығатын шығарындылар - жылына 2639,7425 тонна", - делінген жауапта.
Алматыдағы "АлЭС" АҚ бойынша жылына шығатын шығарынды - 36 724,527 тонна. Оның ішінде ЖЭО-1 бойынша шығарынды - 886,408 тонна. ЖЭО-2 бойынша шығарынды - 35 638,119 тонна. Батыс жылу кешені бойынша шығарынды - 200 тонна.
ЖЭО-2 көмір қолданатын болғандықтан барлық қазандық агрегаттарында 99,5 пайыз күл ұстау дәрежесі бар Панарин конструкциясының жаңа буынының эмульгаторлары орнатылған. Жыл сайын орнатылған эмульгаторлар техникалық қызмет көрсетуден және жоспарлы жөндеуден өтеді. Қазір Алматы ЖЭО-2-де тас көмірді газбен алмастыра отырып, жаңғырту жобасын іске асыру басталды.
"Алматытеплокоммунэнерго" ЖШС-да қаланың жеті әкімшілік ауданында орналасқан 85 қазандық бар. Отынның негізгі түрі ретінде табиғи газ қолданылады. Жергілікті атқарушы орган берген ластаушы заттардың лимиттері жылына 5 377,00 тонна. 2023 жылы атмосфераға шығарындылар жылына 2 606, 706 тонна пайдаланылды.
Алматыда көліктен жылына 112 735 тонна шығынды шығады. Алматыда ауаның 60 пайызы көлік шығаратын зиян заттардан ластанады. Әсіресе дизельмен жүретін және техникалық жағдайы нашар көліктер көп зиян келтіреді.
Алматының әуе бассейнінің ластану деңгейін ескере отырып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2022 жылғы 14 қыркүйекте премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бекіткен "Астана және Алматы қалаларының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасын" әзірледі.
Сондай-ақ Алматы әкімдігі қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол карталарын және "ауа сапасын жақсарту", "қолайлы қоршаған орта", "агломерацияда ҚТҚ жинау және кәдеге жарату жөніндегі бірыңғай жүйе", "дамыған қоғамдық көлік" бөлімдері бойынша 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды бекітті.
Қоғамдық жолаушылар көлігін экологияландыру, яғни дизельмен жүретін автобустарды газға және электр тартқышқа ауыстыру тапсырылды.
"Электр автобустарын, троллейбустарды сатып алу жұмыстары басталды, метрополитеннің құрылысы жалғасып жатыр. 2025 жылдың аяғына дейін газбен жүретін, Еуро-5 класты дизель автобустар мен электробустар, сондай-ақ200 дана троллейбустар сатып алу жоспарланып жатыр. Осылайша, қоғамдық көліктің экологиялық таза түрі 58 пайыз болады, оның ішінде дизель автобустардың үлесі 55,9 пайыздан 42,1 пайызға дейін қысқарды", - делінген жауапта.
Сығылған табиғи газбен жүретін автобустар үшін 2 жаңа автопарк және 5 жаңа жанармай құю станциясы салынады.
Алматыда 3658 электромобиль бар. Олардың көбеюі электр зарядтарын талап етеді. Қазір Алматыда 110-нан аса электр зарядтау бекеті орнатылды. Электр заряд желісін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. 2030 жылға дейін электр автобустары үшін 3 жаңа заманауи депо пайдалануға беріледі.
Шымбұлаққа жанармаймен жүретін (бензин, дизель және газ - еск.) автомобильдердің кіруіне тыйым салынды.
ЖЭО-2-де көмір отыны пайдаланылады, бұл - ең үлкен ластаушы көздердің бірі. Қазір Алматы ЖЭО-2-ні табиғи газға көшіру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұрын көмірді пайдаланған станция біртіндеп жаңа, жасыл отынға бейімделеді. Жаңа газ станциясы 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл ретте зиянды заттардың шығарындылары 2026 жылы 37,3 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін, яғни 34 мың тоннадан астамға төмендейді.
Сондай-ақ станцияның белгіленген қуатын ұлғайту жоспарланған: ағымдағы 510 МВТ-тан 557 МВТ-қа дейін, бұл оның тиімділігін арттырып, Алматыдағы экологиялық жүктемені азайтады.
355 үйді газбен жылытуға қосу үшін магистральдық газ желілерінің құрылысы аяқталды, қала 99,4 пайыз газдандырылған.
Қазақстан қалаларында ауаның ластануы сияқты қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың жиілеуі маусымдарға, өнеркәсіптік белсенділікке, ауа райына және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жергілікті шараларға байланысты және тағы басқа көптеген факторға байланысты болуы мүмкін.
Қазақстанның Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе сияқты ірі қалаларында ауа ластану проблемалары өнеркәсіп, көлік және халық қызметіне байланысты туындауы мүмкін. Сондай-ақ ластаушы заттардың концентрациясына маусымдық шаңды дауылдар немесе климаттық жағдайлардың әсері сияқты табиғи факторларға да қатысты болуы мүмкін.
Алматының аумағындағы атмосфералық ауаның жай-күйі 16 стационарлық бекетте бақыланады: 1 қолмен сынама алу бекеті және 15 атмосфералық ауаны бақылаудың автомат станциялары, сондай-ақ жылжымалы бақылау зертханасының көмегімен 10 маршруттық нүктеде тәулігіне 3 рет, 10 күн тоқсанына 1 рет жүргізіледі.
Бұл хабарламалар туралы ашық ақпарат сайтта және AirKz мобильді қосымшасында бар.
Алматыда ауа сапасын бақылау нәтижелері бойынша биыл
Ауаның ластануы адам денсаулығына, экожүйеге және климатқа айтарлықтай әсер етеді. Шығарындыларды бақылау және таза технологияларға көшу - қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғаудың маңызды шаралар.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 697-бабына сәйкес, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 328-бабында көрсетілген қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзуларды қарайды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328-бабына сәйкес, ауаны ластағаны үшін:
Егер 1 жыл ішінде тағы ауа ластаса:
Қабылданған шешіммен келіспегендер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 13-тарауында көзделген тәртіппен шағымдануға құқылы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!