Тунистің экс-президенті 22 жылға сотталды

Тунистің экс-президенті 22 жылға сотталды
Фото: picture alliance/Mustafa Yalcin/AA

21 маусымда Тунис соты бұрынғы президент Монсеф Марзукиді 22 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.

Оған мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндірді деген айып тағылған. Саясаткер қазіргі Тунис президенті Каис Саидті үнемі сынға алатын. 

79 жастағы Марзуки, қазір Парижде эмиграцияда жүр, үкімге қатысты ол да пікір білдірді. 

"Мен бұл судьяларға үкімнің заңсыз екенін, жақында өздері сотталатындарын айттым. Демократия қайта орнайды", - деді ол. 

Монсеф Марзуки Тунис президенті қызметін 2011–2014 жылдар аралығында атқарған. Ол Каис Саидті парламентті биліктен шеттетіп, авторитарлық режим орнатты деп айыптап келеді. Саид өз кезегінде мұндай әрекеттерін елдегі тұрақтылықты сақтау мақсатында жасалған мәжбүрлі шешімдер деп түсіндіреді.

Айта кетейік, бұл – Марзукиге шығарылған үшінші сот үкімі.

Тунистегі экономикалық дағдарыс

Кейінгі бірнеше жылда Тунис экономикалық қиындық орнады. Халық кофе, сүт, қант секілді күнделікті тұтынатын тауарларды таба алмай қиналған.

2021 жылғы жазда Каис Саид үкіметті отставкаға жіберіп, парламент жұмысын тоқтатты. Кейін жаңа конституция қабылданып, президент өкілеттігі едәуір кеңейтілді.

Алайда Reuters агенттігінің мәліметінше, биліктің күшеюі экономикалық жағдайды жақсартқан жоқ.

2023 жылғы жаппай наразылықтар

2023 жылы елде бірнеше рет жаппай наразылық шерулері өтті. Халық президент Саидтің отставкасын талап етті.

Каис Саид 2019 жылы тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға түсіп, екінші турда "Тунистің жүрегі" партиясының жетекшісі Набил Каруиді жеңіп, 72,71% дауыс жинап президент атанды. 2024 жылы қайта сайлауда бірінші турда-ақ 90,69% дауыс алып, президенттікке қайта сайланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget