- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түнгі серуен кезінде...
Түнгі серуен кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мобильді қосымша жасалды
Түнде жалғыз серуендеген кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мобильдік қосымша жасалды, - деп хабарлайды Mashable. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Жоба авторларының айтуынша, қосымшаның жұмыс істеу қағидасы өте қарапайым. Ол түнде жалғыз серуендеп жүрген адамның қай жерде екенін үнемі анықтап, жағдайының дұрыстығына көз жеткізіп отырады. Адамдар смартфонды қауіпсіздік мақсатында бұрыннан қолданып келеді. Мысалы, үйіне қайтып келе жатқан қыз өз құрбыларына хабарласып, жол бойы өзімен сөйлеуін өтінеді. Бұл құрбысының шұғыл шаралар қабылдауына мүмкіндік береді.
Серуенге шықпас бұрын Companion қосымшасына шыққан жеріңді және баратын жеріңді, туысыңның немесе достарыңның телефон номерін енгізу қажет. Жол бойында бағдарлама жағдайыңның дұрыстығына бірнеше рет көз жеткізеді. Қосымшаға жауап беру үшін арнайы батырманы басу керек. Егер 15 секунд ішінде батырманы баспасаңыз, қосымша енгізілген номерлерге автоматты түрде қоңырау шалады. Сонымен қатар, қосымша адамның қандай жылдамдықпен жүргенін, жүгіргенін анықтайды.
Қосымшада қауіпсіз жерлерді немесе күмәнді аумақтарды белгілеуге болады. Бұл студенттер үшін маңызды болуы мүмкін, себебі, бағдарлама осы ақпараттарды білім мекемесінің әкімшілігіне де жолдайды.