Кейбір компания, зауыт, кәсіпорын, мекемеде жұмыс екі ауысымда болады. Адам ағзасы үшін күн және ұйқы режимі өте маңызды болғандықтан, түнгі ауысымда жұмыс істейтін қызметкерлерге еңбекақы артық төленуі тиіс. Алайда мұны кейбір азаматтар білмеуі мүмкін, салдарынан қызметкердің құқығы бұзылады. Осыған байланысты адвокат Альбина Бахтиярқызы Massaget.kz тілшісіне түнгі ауысымда жұмыс істейтін кез келген қызметкер білуі тиіс заң тұстарын түсіндірді.
Қай уақыт аралығы "түнгі ауысым" ретінде саналады?
ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес, сағат түнгі 22:00-ден таңғы 06:00-ға дейінгі уақыт түнгі ауысым болып есептеледі. Яғни, осы уақыт аралығында қызмет барысында болған қызметкер жұмыс істеген деп саналады.
Қызметкерге түнгі ауысымда жұмыс істегені үшін еңбекақы қалай төленуі керек?
Еңбек Кодексінің 110-бабына сәйкес, түнгі уақытта жұмыс істеген қызметкерге бір жұмыс күніне берілетін жалақыдан 1,5 есе артық төленуі тиіс.
Мереке немесе демалыс күндерімен тұспа-тұс келген түнгі ауысым қалай төленеді?
Мереке немесе демалыс күндерімен тұспа-тұс келген түнгі ауысым үшін ақы "түнгі уақыт" үшін, сондай-ақ мереке немесе демалыс күндерінде жұмыс істегені үшін бөлек төленуі қажет. Бұл Еңбек Кодексінің 110-бабында нақтыланған.
"Мұндай кездерде түнгі уақыттағы жұмысқа ақы мерекеден бөлек есептелінеді. Мысалы, егер түнгі ауысым мереке күніне келетін болса, түнгі уақытқа келетін ауысымдағы жұмыс уақыты (кешкі 22-ден таңғы 6-ға дейін) сағаттық тарифтік ставканың (жалақының) 1,5 мөлшерінде төленеді. Бұл ретте мереке күніне келетін жұмыс ауысымының бір бөлігі сағаттық тарифтік ставкадан (жалақыдан) 0,5 мөлшерінде қосымша төленеді", - деді адвокат.
Түнгі ауысымда кімдерге жұмыс істеуге рұқсат, ал кімдерге болмайды?
Түнгі уақыттағы жұмысқа:
Ал мүгедектігі бар тұлғалар, оларға қарсы көрсетілмесе, жазбаша келісімімен ғана түнгі уақыттағы жұмысқа жіберіледі.
"Сонымен қатар, 7 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді, немесе 7 жасқа дейінгі анасы жоқ баланы тәрбиелеп отырған өзге де адамдарды, 18 жасқа толмаған мүгедек баласы бар адамдарды жұмыс беруші түнгі уақытта жұмыс істеуге мәжбүрлеуге құқығы жоқ", - деп түсіндірді Альбина Бахтиярқызы.
Түнгі ауысымда жұмыс істейтін, бірақ еңбекақы міндетті мөлшерде төленбейтін қызметкер не істеп, қайда жүгінуі керек?
Елімізде ҚР Еңбек заңнамасының сақталуын Еңбек инспекциясы қадағалайды.
"Қызметкердің құқықтары мен бостандығының сақталуын қамтамасыз ету тікелей Еңбек инспекциясының міндеті. Қызметкер түнгі жұмыс уақытында жұмыс істегенін дәлелдейтін дәлелдемелерді жинап, Еңбек инспекциясына шағым жазып, жүгіне алады!" - деді маман.
Еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды, оның ішінде түнгі уақытты бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 87-бабы 3-тармағында кәсіпкерлік субъектісінің мөлшеріне байланысты 120 АЕК дейін айыппұл көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін түнгі ауысымда жұмыс істеудің денсаулыққа әсері қандай екені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жоңғарлар шапқыншылықтарын нелiктен ерте көктемде жасаған?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!