Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде жарық мәселесіне тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аудан тұрғындарын толғандыратын өзекті сұрақтардың бірі - көшелерді сапалы жарықтандыру мәселесі. Қала әкімі бұған қатысты қандай жұмыс істеліп жатқанын айтты.
"Жыл басынан бері әкімдік қызметтерімен 1 800-ден аса жарық шамы ауыстырылып, тұрғындардан келіп түскен 2 мыңнан аса өтініш орындалды. Биыл қыркүйектің аяғына дейін жалпы сомасы 250 миллион теңгеге Алмагүл, Орбита 1, 2 ықшамаудандарында, сондай-ақ Тілендиев көшесі бойымен Жандосов көшесінен "Акварель" ТҮК дейін қосымша 267 жарық бағандарын орнату аяқталады", - деді ол.
Еске салайық, былтыр Алматы әкімдігі жарықтандыру бойынша жеке компанияға қарсы сотта жеңіске жеткен еді.
Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен "Алматы қаласын сыртқы жарықтандыруды модернизациялау" жобасы бойынша МЖӘ шарты бұзылды. Осылайша, "Алматы Қала Жарық" МКК-нің ABM - Вuilding 2007 ЖШС, "Электроремонт" ЖШС және ABM - Project ЖШС үш компаниядан тұратын жеке әріптес-консорциуммен шартты бұзу туралы талабы қанағаттандырылды.
Бұрын жеке серіктес шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны, көшені жарықтандыру мәселесін түбегейлі шеше алмағаны белгілі болды. Соның салдарынан, қала күнде қараңғылыққа батып, қала тұрғындарының шағымдары көбейе бастады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!