Түн ортасында оянып кетсеңіз, қайта ұйықтауға өзіңізді күштеп қинаудың қажеті жоқ. Медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Александр Шишонин мұндай жағдайда тез ұйықтап кетуге көмектесетін бірнеше әдісті ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Life.ru-ға сілтеме жасап.
Дәрігердің айтуынша, ең тиімді тәсілдердің бірі - "4-7-8" тыныс алу әдісі. Ол үшін 4 секунд бойы терең тыныс алып, кейін демді 7 секунд ұстап тұру керек. Содан соң 8 секунд бойы баяу дем шығарылады. Бұл жаттығуды 4-8 рет қайталау ұсынылады.
Маман тағы бір пайдалы тәсіл ретінде оң және сол жақ мұрын арқылы кезектесіп тыныстау әдісін атады. Яғни, оң жақ танауды саусақпен жауып, сол жақпен 4 секунд тыныс аласыз. Кейін сол жақ танауды жауып, оң жақпен 6 секунд дем шығарасыз. Мұны 5-10 рет алмастырып жасау керек.
Дәрігердің сөзінше, аяқ астынан оянып кеткеннен кейін қайта ұйықтауға аффирмация тәсілі де көмектеседі. Ол үшін іштей 10-20 рет: "Денем босаңсып барады, тынысым бірқалыпты, мен жеңіл әрі терең ұйқыға кетіп барамын" деген сөздерді қайталап, бүкіл денеңіз жылып жатқандай елестету қажет.
Егер сонда да ұйқы келмесе, төсекте дөңбекшіп жата бермей, орныңыздан тұрып сәл қозғалған дұрыс. Мысалы, жеңіл буын жаттығуларын жасап немесе аздап жүріп келуге болады. Сондай-ақ, жылы су ішкен де пайдалы. Бұл жүйкені тыныштандырып, ағзадағы сұйықтық тапшылығының алдын алуға көмектеседі.
Бұдан бөлек, дәрігер ойыңызды қағазға түсіруге кеңес берді. Ол үшін дәптер алып, 3-5 минут бойы ойыңызға не келсе, соны реттемей, сүзгіден өткізбей жаза беру керек.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz