Павлодарда түнде көшеде жүрген жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнде үйден тыс жерде болуына тыйым салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар қаласында Катаев көшесінде полиция сағат 23:00-ден кейін көшеде жүрген 17 жастағы жасөспірімді тоқтатты. Әңгіме барысында жасөспірімнің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргені үшін полицияға тағы да келіп тұрғаны белгілі болды. Ата-аналар қайтадан жазаланды, әкесіне 7 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Тағы бір жағдайда 14 жастағы қыздың әкесі жауапқа тартылды, ол да түнде үйден тыс жерде болған.
"Жыл басынан бері облыста балалардың түнгі серуені үшін 98 заңды өкіл жазаланды, тағы 18 ата – ана балаларды дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапқа тартылды", – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Полиция жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін төрт кәсіпкердің жазаланғанын атап өтті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!