Журналист Сәуле Әбілдаханқызы facebook-парақшасында сағат жылжуына қатысты наразылығын білдірді. Ол Астанада, Алматыда, Шымкентте таң сағат 2:00-3:00-де атып кететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ақтау. Сағат таңғы 05.05. Дала әлі қараңғы деуге болады. Алматы, Шымкентте бұл уақытта күн тас төбеде тұрады деуге болады. Бұл жақта таң енді-енді ғана білінер-білінбес бозамықтанып атып келеді. Ұялы телефонға таң атып қойғандай аспан көкпеңбек боп көрініп, айнала жарық боп түседі екен... Алайда адамның көзіне таң мен түннің шайқасы дейтін өліара уақыт деуге болады...
Сағат 04.30-дан бастап далада әтеш шақыра бастаған... Әлі шақырып жатыр... Астанада, Алматыда, Шымкентте таң сағат 2:00-3:00-де атып кетеді. Бұл уақытта күн арқан бойы көтеріліп қалады... Шығыста, тіпті, күн пәшти тас төбеге келеді...
Яғни, жылжытылған қазіргі сағат тек батыстықтар үшін биологиялық уақытпен тең болып, ыңғайлы болып тұр. Ал шығыстықтарға, астаналықтарға, алматылықтарға, шымкенттіктерге тіптен обал болды. Түн болмайтын болды. Сағат 12:00-де енді ғана жатсаң, таң атып кетеді. Далаға қарасаң, тұру керек, сағатқа қарасаң, жату керек. Дөтеніміз күнге күйгенше жатамыз.
Болат Нұрхожаевтың және сағатты жылжытқан өкіметтің өті жарылып кетсе де айтайын:
Шығысымыз бен Батысымызда кемі 2 сағат (тіпті 3 сағаттай) айырмашылық бар. Қазіргі сағат уақыты Шымкенттен ары шығысқа қарай қыста ғана қолайлы болмақ.
(Бірінші видео - сағ.05.05. Екінші видео - сағ. 05.20. Екі видеоның арасы 15 минут, яғни постты жазып, видео жүктелгенше, одан жазба жарияланғанша минут өтті. Сағат 05.30-да құс сайрай бастады. Алматыда сағат 02.30-да құс сайрай бастайды)", - деп жазды ол.
Еске салайық, биыл 1 наурызда елімізде бірыңғай уақыт белдеуі (UTC+5) енгізілген еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!