Тұмау жұқтырып алмас үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Касымхан Алпысбайұлы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған онлайн-брифингте қаладағы ЖРВИ және тұмау аурулары бойынша жағдайды атады және тұмауға қарсы қандай профилактикалық шаралар сақтау керегін ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, 2024 жылдың эпидемиологиялық маусымы басталғалы Алматы қаласында ЖРВИ және тұмау аурулары бойынша жағдай тұрақты. 2024 жылдың 43 аптасына дейін қалада ЖРВИ-дің 12 413 жағдайы тіркелді, бұл өткен аптаға қарағанда 20,5%-ға және өткен жылмен салыстырғанда 40,1% пайызға төмен. Аурудың 58,7%-ын балалар құрайды.

"Жаңа эпидемиологиялық маусымның 40-шы аптасынан 43-ші аптасына дейінгі аралықта ЖРВИ-дің 64 145 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,6%-ға аз. Қалалық зертханалық мониторинг барысында тұмау вирусы анықталмағанымен, риновирус, парагрипп, аденовирус және маусымдық коронавирус сияқты басқа ЖРВИ вирустары тіркелді", - деді ол.

 Қала эпидемиологиялық маусымға дайын ба?

Департамент басшысы 2024-2025 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға дайындық мақсатында кешенді шаралар атқарылғанын айтты:

  • Медициналық ұйымдарда ЖРВИ және тұмау жағдайларына жедел қызмет көрсету үшін 121 байланыс телефоны және 102 автокөлік бөлінді;
  • ЖРВИ және тұмауға шалдыққан науқастарды жатқызу үшін 453 төсек дайындалып, қосымша 90 төсек орын әзірленді;
  • Тұмауға қарсы препараттардың (тамифлю - 15 423 қаптама, реленза - 213 қаптама, оксолин жақпамайы - 4868 түтік) жеткілікті қоры қамтамасыз етілген, сондай-ақ маскалар мен дезинфекциялық құралдар бар.
  • 2024 жылы жергілікті бюджет қаражатына "қауіп тобындағы" адамдарды вакцинациялау үшін 200 000 доза мөлшерінде ресейлік "Гриппол плюс" үш валентті тұмауға қарсы вакцинасы сатып алынды.

Тұмаудан қалай қорғанамыз?

Тұмау - температураның күрт жоғарылауымен, әлсіздікпен, қалтыраумен, бас ауруымен, денеде бұлшықет ауруымен сипатталатын ауру. Инфекция көзі - ауруға шалдыққан адам, әсіресе ауруға жаңа шалдыққан науқастан алғашқы 1-2 күнінде ауру жұқтыру қаупі өте жоғары.

Тұмау әртүрлі асқынулармен бірге жүреді: пневмония, бронхит, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесінің асқынуы, созылмалы аурулардың өршуі. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болған кезде өзін-өзі емдемей, дәрігерге жүгініп, нұсқаулар бойынша емделуді бастау маңызды.

Департамент басшысы Касымхан Алпысбайұлының айтуынша, ауруға шалдығу қаупі жоғары кезде қала тұрғындары ЖРВИ және тұмауға қарсы мына профилактикалық шараларды ұстануы тиіс:

  • ЖРВИ-ға шалдыққан науқастармен қарым-қатынасты шектеу, қажет болса маска тағу;
  • Ауруға шалдыққан жағдайда үйде болу, өзін-өзі емдеумен айналыспау, дәрігерге жүгіну;
  • Түшкіру және жөтелу кезінде ауызды майлықпен немесе орамалмен жабу, қолды жиі жуу, үй-жайларды желдетіп, ылғалды тазалау жүргізу;
  • Иммундық жүйені нығайту үшін дәрігердің кеңесі бойынша С дәрумені мен басқа да витаминдерді қолдану;
  • Адамдар көп жиналатын жерлерге барудан, бұқаралық іс-шараларға қатысудан бас тарту, маусымға сәйкес киіну;
  • Сырқат балаларды мектептерге және мектепке дейінгі мекемелерге жібермеу.

Осы қарапайым шараларды сақтау сіздерді ЖРВИ және тұмау ауруларынан қорғауға көмектеседі.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысының 26 жастағы тұрғыны белгісіз ауруға шалдыққанын жазған болатынбыз.

Ер адамның аяғы мен денесіне іріңді жаралар шығып кеткен. Қатты іріңнің салдарынан жараларда құрттар пайда болып жатыр. Жас жігіттің айтуынша, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр. Ол бес жыл бұрын іріңді ангинамен ауырып, емдемеген: ол температураны түсірудің амалдарын ғана жасаған. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!