Түлектер смарт көзілдірік үшін ҰБТ-дан шеттетілген

10 мамырда негізгі ҰБТ басталғалы бері 139 мыңға жуық тест адам тапсырған. Талапкерлердің 71 пайызы тестті қазақ тілінде, 29 пайызы орыс тілінде, 259 адам ағылшын тілінде тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл - 65 балл. Ең жоғары нәтиже - 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинаған.

ҰБТ өткен үш аптада ереже бұзылған 283 дерек анықталған. 168 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған затты алып кірмек болғаны үшін тесттен шеттетілген. Тағы 115 адам тест кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижесі жойылған.

Айта кетейік, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар талданады. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу дерегі анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі жойылады.

Еске салайық, бұған дейін екінші аптадағы аралық нәтиже жарияланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!