- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- НУ түлегі косметикаға...
НУ түлегі косметикаға арналған ерекше мобильді қосымша жасап шықты
Назарбаев университеті түлегі Дилярам Исмаилова косметикалық өнімдерді тұтынатын жандарға таптырмас ерекше мобильді қосымша жасап шықты. Ол арқылы косметика жайлы пікірлер мен сын-ескертпелерді, сондай-ақ қашан қолданылу уақыты аяқталатынын білуге болады.
Keep It Fresh қосымшасы косметикалық тауарды штрихкоды арқылы анықтайды.
Дилярам Исмаилова – Назарбаев университетінің түлегі. Қазіргі таңда Париждегі ірі бьюти-корпорацияда жұмыс жасайды.
- Ескі косметикалық өнімдерді тастағым келді. Бірақ суретіне, түр-түсіне қарай қашан алғанымды, қашан ашқанымды, қандай фирма өнімі екенін есіме түсіре алмағандарым болды. Бұл біраз уақыт алды. Сол сәтте мұның барлығы жайлы бір жерде ақпараттар жиынтығы болса деп ойладым. Өзге функцияларын кейін ойластырдым. Нәтижесінде Keep It Fresh қосымшасы пайда болды, - дейді Дилярам.
Ерекше қосымша көмегімен тұтынатын косметика өнімдерін бөлісуге болады. Сондай-ақ достарың мен танымал адамдар қандай косметика қолданатынын көре аласың. Одан өзге косметика жайлы өз ойыңды достарыңмен бөлісе аласың, пайдалы кеңестер мен қолдану жайлы нұсқаулар да бар.
Штрихкод базасы компанияның ашық деректері арқылы толықтырылып отырады. Оған серіктестердің де себі бар. Егер таңдалған бренд базада жоқ болса, оны қосымшаға оңай қосуға болады.
Дилярам Парижге осы жылдың сәуір айында барған.
- Мен косметика өнімі саласында жұмыс жасап жүргеніме 3 жылдан асты. Бастапқыда Париждегі L’Oréal компаниясында тәжірибеден өттім. Кейіннен L’Oréal-дың Қазақстан және Ресейдегі бөлімдерінде түрлі қызметте болдым. 2019 жылдың желтоқсан айында Париждегі Estée Lauder-ден ұсыныс келді, - дейді.
Ал мобильді қосымшаны жасау Дилярам Назарбаев университетінен өзі қатарлы түлектерді шақырған.
- Стартаптың бірінші ережесі – командаға достарыңды шақырмау, бірақ мен мұны бұздым, - дейді ол. Қосымшаны жасауға көмекке Алматыдан графикалық дизайнер Әйгерім Халелованы, Лондоннан қаржыгер Айдана Қасымованы, Лювеннен құрастырушы Болат Тлеубаевты шақырған. Барлығы Назарбаев университетін бітірген түлектер.
Біз топпен бірге NURIS (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) бизнесті қолдау бағдарламасына кірдік. Бұл бағдарлама бастапқыдағы стартап бизнес-идеяларды қолдайды. Ол жайында мына сілтемеге өту арқылы білуге болады.
3 ай ішінде команда барлық кезеңдерден өтіп, Назарбаев университетінен бастапқы қаржыландыру ретінде 2 миллион теңге алған.
Дилярамның айтуы бойынша, қосымша бастапқыда Қазақстан нарығында қолданылады. Бір жылдан кейін әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлауда.
Н. Үсенова