- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шыңғыс Әрінов су тасқыны
“Түк те жоқ“. ТЖМ министрі су тасқынына қатысты өзіне дейінгі атқарылған істерді сынға алды
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқынына орай өзіне дейінгі департаменттің дайындығы әлсіз болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол бүгін, 24 қазан күні ТЖМ тақырыптық отырысында Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ажар Сағандықованың сұрағына берген жауабында айтты.
Ажар Бақытқызы жыл басында болған елдегі су тасқыны салдарына қатысты сұрақ қойды. Ол дайындықтың неліктен жүйесіз жүргізілгенін сұрады.
"Ақпан айында осында келгенімде су тасқынына қатысты атқарылатын шаралардың жол картасына ұқсас жоспары болды. Оны төтенше жағдайлардың алдын алу және жою департаменті ұсынған болатын. Бұл жай ғана "үлкен бос нәрсе" болды. Қысқасы, іс-шаралар қаражатқа бекітілмеген еді. Ол жерде 100-ден аса дүние тізіліп көрсетілген. Бірақ бірде-біреуіне қаражат қарастырылмаған. Құр сөзбен "мынаны істеу керек, ананы істеу керек" деп жазылған. Жергілікті атқарушы органдармен ақылдасайық десек, олар тіпті трактордың жоқтығын айтып, шамданды. "Түк те жоқ" деді. Бұдан бөлек, көп мәселе болды", - деді ол.
Министр аталған мәселелерден кейін бұрынғы ТЖМ-ның жұмысына қатысты көп сауал туындайтынын қоса кетті.
"Осы дүниелерден кейін тағы сұрақ туындайды. Неге алдыңғы департамент бұл мәселеге ден қойып, шешілуі міндетті мәселе ретінде қарастырмаған? Қажетті функциялар неліктен тек "орындалуы керек" деген деңгейде қалған. Қажетті шараларды тежейтін іс-әрекеттерден кейін мәселе ушығып кетті", - деді ол.
Шыңғыс Әрінов биыл болған төтенше жағдайлар қайталанбас үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен қажетті жоспарлардың тағайындалғанын және орындалмаған жағдайда кез келген шендінің жауапқа тартылатынын қатаң ескертті.
Еске салайық, биыл 27 наурызда елдің бірнеше өңірін су басты. Салдарынан Қазақстан үкіметі табиғи апат болған аймақтарда төтенше жағдай режимін жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат екенін айтты. Су тасқыны болған өңірлердегі тұрғындар эвакуацияланып, арнайы пункттерде бірнеше ай тұруға мәжбүр болды.
Ал сәуірде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады. Президент өз мәлімдемесінде су тасқынына байланысты шұғыл түрде тапсырма бергенін айтты.
Артынша жағдай реттеле бастағаннан кейін су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға баспана беріле бастады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Литпин